АРТЫҚ ҒЫЛЫМ — КІТАПТА

Рейтинг
23.04.2025, 18:58
АРТЫҚ ҒЫЛЫМ — КІТАПТА

«Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» – деп ұлы дана, хакім Абай бізге кітап оқудың маңызын айтып қана қоймай, оны өмірлік қағидаға айналдырудың қажеттігін ескерткен. Бұл сөздерде терең мән жатыр. Шынында да, кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, мәдениетінің, даналығы мен рухани ізденісінің жемісі.
Ол – тарихтың шежіресі, өмірдің айнасы, қоғамның даму сатыларының куәгері. Кітап оқудан қалған адам – ойлаудан, танудан, өз болмысын дамытудан қалады. Себебі, білім мен парасат, сана мен сергектік, ізгілік пен имандылық – барлығы да кітаптан бастау алады.  Кітап —жер бетіндегі барша ғылымның баспалдағы, қайнар бұлағы. Кітап – адамның өміріндегі ең адал досы, сенімді серігі. Ол – үндемейтін тәрбиеші, сарқылмайтын рухани азық. Сондықтан кітапты таңдап оқу, түсіне білу, түйсіну және одан алған әсерді өмірде кәдеге жарата алу – тұлғаның парасаты мен пайымының көрсеткіші. Кез келген елдің болашағы мен ұрпағының санасы кітап арқылы қалыптасады. Елдің шынайы тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрі, рухани мұрасы кітапта сақталатын мұра.
Кітап – ұлттың жадын сақтаушы, өткеннің өнегесін, бүгіннің бағасын, келешектің үмітін айқындаушы алтын көпір. Халықтың рухани биіктеуінде, мемлекеттің мәңгілік ел болу жолындағы ұмтылыстарында кітаптың орны ерекше. Кітап бізді мынау үздіксіз уақттың көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан тұсында бір сәт аялдап ойлануға үйретеді.

Осы ретте айта кету керек, биыл мемлекетімізде кітапханалар жүйесіне жақсы бастамалар енгізілуде. Солардың маңыздысы — Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен 23 сәуір — Ұлттық кітап күні елімізде тұңғыш рет ресми түрде аталып өтуде. Бұл мереке Мемлекет басшысының қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына байланысты белгіленді.
23 сәуір — Ұлттық кітап күні Шымкент қаласында да кеңінен аталып өтті. 16–23 сәуір аралығында әр күн белгілі бір тақырыпқа арналды. Атап айтсақ: «Мәртебелі кітап», «Сөз өнеріндегі өлкетану», «Өлкетану күні — Қаламгер күні», «Кітапхана түні» акциясы, «Weekend. Book. Vibes» (/Демалыс күндерін кітап вайбын сезін/), «Кітап. Тарих. Шежіре» — сирек және құнды, ерекше кітаптар күні, «Кітап — достық амбассадоры» сынды іс-шаралармен жалғасын тапты.
Бұл бастамалар жас ұрпақ арасында кітап оқуды насихаттауға, жастарды оқуға баулуға және зияткер ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосуда. Жас ұрпақтың оқуға деген құштарлығы — кемел келешектің кепілі. Адам қанша биікке ұмтылса да, табан тірер тұғыры — білім, ал білімнің түп-тамыры — кітапта екенін ұмытпауымыз керек. Өйткені артық білім де ғылым да қашан да- кітапта. 

Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Оңдасынова Мөлдір Убайдуллақызы.

Сұхбат

PhotoRoom