Түркістан облысында былтыр инвесторлар тарту жұмыстары жүйелі жүргізілді. Нәтижесінде 1 триллион 300 млн теңгенің жобасы жүзеге асуда. Екі мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Іске қосылған ірі өндіріс орындарының қатарында тоңазытқыш, жаңбырлатып суару машиналары мен мектеп және медицина ұйымдарына қажетті жиһаз шығаратын зауыттар бар.
Түркістан облысына тартылған шетелдік инвестиция көлемі 1 144,2 млн АҚШ долларын құрады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыста қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Инвесторларға инфрақұрылыммен толық қамтылған арнайы аймақтар ұсынылып, жеңілдіктер қарастырылған. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облысқа тартылған шетелдік инвестиция көлемі артып келеді. 2024 жылы тікелей шетелдік инвестиция көлемі 467 млн АҚШ доллары болып бекітіліп, жыл қорытындысымен өңірге тарлыған инвестиция көлемі 1 144,2 млн АҚШ долларын құрады. Жоспар 245%-ға орындалды. Нақтырақ айтқанда, ауыл шаруашылығы саласына – 2,1 млн АҚШ доллары, құрылысқа – 4,8 млн АҚШ доллары, тау-кен металлургия кешеніне 1 137,3 млн АҚШ доллары тартылған. Сонымен қатар былтыр шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы сомасы 42,9 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылды. Нәтижесінде, 568 жаңа жұмыс орны ашылды. Одан бөлек, шетелдік капиталдың қатысуымен 2025-2028 жылдар аралығында іске асырылатын 11 инвестициялық жобаның тізбесі жасақталды. Жобалардың жалпы құны – 319,7 млрд теңге. Жобалар толық іске қосылғанда 5710 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Ағымдағы жылдың I тоқсанының қорынытындысымен өңір экономикасының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 196,5 млрд теңгені құрады (жоспар – 135 млрд теңге). Жоспар артығымен орындалды. Өңірге инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу, жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды жалғасын табады.
Облыста шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету арқылыоң өсімге қол жеткізілді. Өңірде 207 мыңға жуық шағын және орта бизнес жұмыс істейді. Кәсіпкерлер саны бойынша Алматы және Астана қалаларынан кейін 3 орында тұр. Кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 27,5%-ға артып, 1,2 трлн. теңгеге жетті. Бұл – 9 айдың көрсеткіші, 12 ай нәтижесімен 1,6 трлн. теңгеге жетеді деп болжанып отыр.
Түркістан облысында кәсіпкерліктің қарқынды дамуына барлық жағдай жасалған. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, өңірдегі инвестициялық ахуылды және бизнес климатты жақсарту бағытында көптеген іс атқарылып келеді. Мәселен, 2023 жылы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша 180 өтініш түскен, оның ішінде 80 сұрақ оң шешімін тауып, 960 млн. теңгеге кәсіпкерлердің мүліктік құқықтары қорғалғаны мәлім. 1 241 кәсіпкерге 1 300 қызмет көрсетілген. Жалпы 556 жоба сүйемелденіп, 360 салықтық есеп тапсырылды, 170 бизнес-жоспар әзірленген.
- Еліміздің жаңадан құрылған облысында кәсіп бастап, оны дамыту үшін көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Біздің басым бағыттарымыз – инвестиция тарту, өндіріс және жұмыс орындарын ашу. Жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері бұл бағыттағы жұмысты әлі де жандандыра түсуі керек. Инвестиция тарту жұмысы жыл, он екі ай бойы үздіксіз жүргізілсін. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда жүйелі мәселелер бар. Нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді тіркеп, есепке алу қажет. Шағын және орта кәсіпкерлікке тұрғындарды ынталандыру, қолдау көрсету жұмыстарын жандандырыңыздар – деді өз сөзінде облыс басшысы Нұралхан Көшеров.