Республика күніне орай Ұлытау облысында салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Шараға өңір басшысы Дастан Рыспеков, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еңбек ардагерлері, жастар мен мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.
Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылып, алаңда көк байрақ желбіреді. Республика күні – ел тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін айқындайтын маңызды мереке ретінде Ұлытау жұртшылығы үшін ерекше мәнге ие.
Іс-шара барысында облыс әкімі Дастан Рыспеков ел дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға мемлекеттік және салалық наградаларды табыс етті. Облыс әкімі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендері, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» медалі, «Ерен еңбегі үшін» медалі, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының және Ұлытау облысының Құрмет грамоталарын иегерлеріне салтанатты түрде тапсырды. Сонымен қатар көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградалары табыс етілді.
Салтанатты жиында сөз алған өңір басшысы Дастан Рыспеков Республика күнінің Ұлытау үшін айрықша тарихи және рухани маңызға ие екенін атап өтті:
«2022 жылы дәл осы Ұлытау төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өткенін барлығымыз жақсы білеміз. Бұл – Ұлытауға және жалпы өңірімізге көрсетілген айрықша құрмет пен сенімнің белгісі. Сол тарихи жиында Мемлекет басшысы Республика күнін Ұлттық мереке ретінде қайта жаңғыртатынын жариялап, егемен еліміздің жаңа дәуірге бағыт алғанын паш еткен болатын. Сондықтан бұл мерекенің Ұлт ұясы – Ұлытау үшін орны ерекше. Республика күні – халқымыздың мемлекеттілікке деген берік сенімін, егемендік пен елдік идеясының мәңгілігін айқындайтын қасиетті күн», – деді облыс әкімі.
Шара аясында өнер иелері мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен кең көлемді концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Көрермендер назарына Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінің, жергілікті әншілер мен би ансамбльдерінің орындауындағы патриоттық әндер мен халық күйлері ұсынылды.
Мерекелік іс-шара соңында қатысушылар Қазақстанның болашағы жарқын болсын деген тілектерін білдіріп, өңірдің басты алаңында суретке түсті.
Ұлытау облысында Республика күні жыл сайын айрықша құрметпен атап өтіледі. Бұл мереке – елдің өткеніне тағзым етіп, болашаққа сеніммен қадам басудың символы болып табылады.