ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: СОЗАҚТА «БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ЖӘНЕ ТЕҢ ҚОҒАМ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Рейтинг
13.12.2025, 17:35
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: СОЗАҚТА «БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ЖӘНЕ ТЕҢ ҚОҒАМ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Созақ ауданына қарасты Құмкент ауылдық округінде әлеуметтік және спорттық нысан ашылып, тұрғындар қос бірдей қуаныштың куәсі болды. Алдымен жабық үлгідегі кіші футбол алаңының ашылу салтанаты өтіп, одан кейін «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығыесігін айқара ашты. Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, тұрғындарды жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады.

       Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов орталықтың әлеуметтік маңызын атап өтіп, ардагерлерге жасалған жағдайға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ауданның Құрметті азаматы, ауыл қариясы Серікбай Байқұтиев биыл Құмкентте атқарылған ауқымды жұмыстар үшін ауыл тұрғындары атынан алғыс айтты.

      Жаңа орталықта 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл нысан зейнет жастағы ардагерлерге және 18 жастан асқан ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған. Бір мезетте 30 адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Сонымен бірге Қызылкөл елді мекенінің қариялары да осы орталықтың қызметін пайдалана алады.

       Орталықта тұз шахтасы, психологиялық терапия бөлмесі, дене шынықтыру залы, оқу және демалыс бөлмелері, массаж кабинеті, бильярд және шахмат ойындарына арналған орындар мен шәй ішіп, еркін демалуға арналған асүй жабдықтары қарастырылған.

       Жиын соңында тұрғындар жаңа орталықтың ішін аралап, көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты және өз ризашылықтарын жеткізді.

       Айта кетейік, биыл дәл осындай орталық аудан орталығынан бөлек, Созақ ауылында да ашылды. Бұл жұмыстар әлеуметтік саланың әлеуетін арттырып, ардагерлерге көрсетілетін қызметтің қолжетімділігін кеңейтіп келеді.

       Қала мен ауылдардағы өмір сүру ұзақтығында белгілі бір айырмашылық бар. Қала тұрғындары орта есеппен 76 жыл өмір сүрсе, ауылдықтар 74 жасқа дейін жетеді.

 

       Сонымен қатар айта кетейік, әйелдер ерлерге қарағанда ұзағырақ өмір сүреді екен. Нәзік жандылардың орташа жасы – 79, ал ер адамдардың ғұмыры шамамен 71 жасты құраған.

      Өңірлер бойынша ең ұзақ өмір сүру көрсеткіші Алматы қаласында – 78 жас, ал Ұлытау облысында бұл көрсеткіш ең төмен – 72 жасты құраған.

     Бұл деректер Қазақстан халқының денсаулығына көңіл бөлініп, өмір сапасының артып келе жатқанын көрсетеді.

     Бүгінде елімізде 60 жастан асқан шамамен 3 миллион адам бар. Биылғы жағдай бойынша елімізде 60 жастан асқан 2,8 миллион адам бар. Бір жыл ішінде олардың саны 3,7% өсті. Жалпы алғанда, қарт адамдардың саны тұрақты түрде өсіп келеді: 2010 жылдан бері орташа жылдық өсім 3,8%.

       Абсолют көрсеткіштердің артуымен қатар салыстырмалы көрсеткіштер де артып келеді. Биылдың басында 60 жастан асқан адамдардың үлесі ел халқының жалпы санының 13,9%-ы, көрсеткіш жыл сайын артып отыр, бұл халықтың қартаю үдерісін растайды. Мәселен, 2023 жылдың басында қарттардың үлесі 13,6% болса, 2020 жылдың басында 12%, ал 2010 жылдың  басында 9,8% болды.

        Гендерлік тұрғыдан алғанда жағдай мынадай: қарт әйелдердің үлесі 16,4%, ал қарт ерлердің үлесі 11,3%. Екі жағдайда да өсім байқалады.

          Қазақстанда қарт тұрғындардың саны халықтың өмір сүру ұзақтығымен қатар өсіп келеді. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып отыр, тек коронавирус пандемиясы кезеңінде ғана азайды. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша күтілетін өмір сүру ұзақтығы - 75,44 жас (2023 жылдың қорытындысы бойынша — 75,1 жыл).

          Әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 79,42 жылға дейін (былтыр 79,06 жыл болды), ерлерде 71,33 жылға дейін (былтыр 70,99 жыл болды) ұзарды.

         Айта кетейік, БҰҰ мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстанда қарт адамдардың саны алдағы уақытта да өседі. Халықтың қартаюы мәселесінде зейнетақы жүйесінің маңызы ерекше. Қарттардың саны көбейіп, өмір сүру ұзақтығы артқан сайын медициналық және әлеуметтік қызметтерді жақсартумен қатар, зейнетке шыққаннан кейін сенімді қаржылық құрылым қалыптастыру маңызды.

Сұхбат

PhotoRoom