Сенат Назарбаевқа Үндеу жолдады

Рейтинг
19.02.2015, 15:59

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысын қарап, ҚР Президенті Н. Назарбаевқа Үндеу жолдады. 

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Парламент Сенаты Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы бастамасын толығымен қолдайды. Уақыттың өзі талап етіп отырған бастама барша халықтың қызу қолдауына ие болды, қазақстандық қоғамда оң пікірлер қалыптастырды. Халықаралық шиеленістің артып отырған жағдайында жаһандық экономикада дағдарыс құбылыстары күшейе түскен уақытта ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, Сіз айқындаған әлемнің озық отыз елінің қатарына енуді мақсат ететін «Қазақстан-2050» ұзақмерзімді стратегиясын, Мәңгілік Ел тұжырымдамасын, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға жағымды ахуал қалыптастыру қажет.

Сіздің дана әрі күшті көшбасшылығыңызбен Қазақстан өзінің дамуы мен қалыптасуына қатысты барлық қиыншылықтарды лайықты еңсерді.

Тәуелсіздік жылдары Сіздің саясатыңыздың нәтижесінде нарықтық экономикасы дамыған, халықаралық қауымдастық алдында беделді, қуатты мемлекет қалыптасты. Сондықтан да, қазақстандықтар барлық жетістіктерді Сіздің атыңызбен байланыстырады», - деді палата атынан Үндеуді жариялаған Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Үндеуде Қазақстанның өз дамуының жаңа сатысына аяқ басқаны айтылып, белгіленген реформаларды одан әрі ілгерілетуге бағытталған Елбасы бағдарын табысты жүзеге асырудың сөзсіз шарты болып табылатын тұрақтылықтың маңызы зор екеніне назар аударылады.

«Біз Парламент Сенатының депутаттары Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізу елімізде бейбітшілікті, бірлік пен келісімді нығайтуға ықпал ететіндігіне сенімдіміз. Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізден Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бастамасын қолдап, кезектен тыс Президент сайлауын тағайындау туралы мәселені қарастыруыңызды сұраймыз», делінген Үндеуде.

 

Сұхбат

PhotoRoom