2015 жылы дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыру аясында Ұлттық қордан бөлінген қаражатты қоғамдық ұйымдар бақылауы керек. Бұл туралы бүгін ОКҚ брифингінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев айтты.
«Бізде қаржылық бақылау органдары бар, олар - Есеп комитеті, өңірлерде мәслихаттардың тексеріс комиссиялары, ішкі бақылауда - ҚР Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау комитеті. Сондықтан, Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың мақсатты түрде жұмсалуын бақылау - олардың тікелей міндеті»,- деп атап өтті депутат.
Оның айтуынша, мұндай бақылауды «Нұр Отан» партиясы да жүргізуі тиіс.
«Мен бұның постфактум-бақылау екенін қоса кеткім келеді, яғни аталған қаражат толығымен игерілгеннен кейін жасалуы қажет. Аталған бақылауды қоғамдық ұйымдар да тиісті деңгейінде жүргізе алар еді деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы бұл бақылауды «Нұр Отан» партиясына да жүктеген болатын. Өйткені, оның әр өңірде филиалдары бар. Сондықтан, партия қаражаттың тиімді жұмсалуын толық қадағалай алады. Бұл жұмыс негізінен басталып та кетті, өңірлерде комиссиялар жасақталды. Қазір бұл комиссиялар жұмыстарына кірісіп те кетті», - деп түсіндірді О. Өксікбаев.