Қазақстан Президентін сайлау 26-сәуір күні өтеді. ҚР Орталық сайлау комиссиясы үш үміткерді ресми тіркеуден өткізді. Олар қазіргі Президент Нұрсұлтан Назарбаев, кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов және Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясынан Тұрғын Сыздықов. Сайлауалды бәсекелердің саяси технологиялық аспектілері мен ерекшеліктері жөнінде сарапшы Мәдина Нұрғалиеваның сұхбаты.
Президенттік сайлау науқанын қалай бағалайсыз?
Президенттік сайлау науқаны біртіндеп күш алып келеді. Сайлаудың өзі кезектен тыс болғандықтан оған тыңғылықты әрі жоспарлы түрде дайындалуға уақыт тапшы. Соған қарамастан, осы уақытқа дейін жинақталған тәжірибенің арқасында Қазақстандағы сайлау науқаны белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Технология, әдіс-тәсілдер тұрғысында қандай ерекшеліктерін атай аласыз?
Ерекшелік ретінде мына мәселелерді атап өтуге болады. Біріншіден, сайлауға, дауыс беруге шақырып, ынталандыратын жұмыстар көзге ұрып тұр. Екіншіден, стандартты болса да әртүрлі акциялар көптеп ұйымдастырылып жатыр. Креативті бастамаларды байқамадым. Яғни, акциялар нақты құрылымдардың немесе қоғамдастықтардың ұйымдастыруымен өткізіліп жатыр. Жақында ғана «Қаламгер-Азамат» деп аталатын жас журналистер қоғамдық қоры Қазақстанның суретшілер одағының қолдауымен «Сенің дауысың – сенің болашағың» дейтін постерлер байқауын жариялады. Сондай-ақ, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы қазақстандық бизнес қауымдастығымен бірлесіп, «Әр дауыс маңызды!» деген байқау ұйымдастырды. Супермаркеттерде отандық өнімдердің тұсына жапсырылған ынталандыру жапсырмаларын да көпшілік байқап жүрген шығар.
Сіздіңше, Құсайынов пен Сыздықов несімен ерекшеленіп отыр? Олардың сайлауалды штабының жұмысын қалай бағалайсыз?
Үміткерлер Құсайынов пен Сыздықовтың есте қалатындай ерекшеліктерін айту дәл қазір қиын. Бірақ олардың үгіт-насихат жұмыстары қазақстандықтардың көз алдына кәсіби және жеке тұрғыда қандай да бір көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Шындығына келсек, жеке тұлға ретінде сайлауға байланысты бірнеше салдарды келтірейін: қоғамдық пікірде, сонымен қатар сарапшылар ортасында да алдағы болатын сайлаудың баламасыз және қазіргі Елбасымыздың нағыз Көшбасшы екені жайлы нақты пікір қалыптасты. Олардың арасында қарсылас болу шарттары қалыптасып келе жатыр деуге болады, бәсекелестік күрес басталды. Ә. Құсайынов пен Т. Сыздықовтың штабына саяси тұрғыда өз кандидаттарын саяси ортада қалыптастыру үшін жаңаша бағыт іздестіруге тура келеді.
Қазіргі Президенттің сайлауалды платформасы 5 институционалды реформаға негізделеді. Сол платформа ішінен қайсысын бөле-жара атап өтер едіңіз?
Н. Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасы өзі жүргізіп келе жатқан саясаттың заңды жалғасы. 5 институтционалды реформа туралы айтқанда, алдағы уақытта қандай салаларға ерекше көңіл бөлінетіндігін атап өткен болатын. Сондықтан институтционалды реформалардың әрқайсысы үлкен мағынаға ие. Оларды мен мемлекеттік аппарат, заң, экономикалық өсім, ұлт бірлігі және ашық мемлекет деп атаған болар едім.
Халил МУКАНОВ