Қазіргі таңда көптеген жасөспірім балалар компьютерлік атыс-шабыс, төбелес, тонау ойындарын ойнап жатады. Ғаламтордан жантүршігерлік дүниелерді көреді, оқиды.
Жастардың сана-сезімін, ақыл-ойын күн өте келе құрдымға апаратын құмар ойындар мен зиянды бағдарламалар – неше түрлі қылмыстық әрекеттердің бастауы. Осы дерттен арылу үшін тәрбиеге ерекше ден қою керек.
Олай болса, бала тәрбиесі бұл дүниедегі барлық істен жоғары тұратын өте үлкен жауапкершілік. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Адам баласы қайтыс болғанда, оның үш нәрседен басқа амалдары түгел тоқтайды: «көпшіліктің игілігі үшін берілген садақа, пайдалы ілім және артынан дұға жасап тұратын ізгі ұрпақ» делінген. Асыл дініміз Исламда салиқалы ұрпақ тәрбиелеуге ерекше мән береді.
Мейірімділік танытуға байланысты Алла Тағала Құранда Әли Имран сүресінің 159 аятында: «(Мұхаммед Ғ.С.) оларға Алланың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан оларды кешірім етіп, олар үшін жарылқау тіле де іс жөнінде олармен кеңес қыл. Сонда қашан қарар берсең, Аллаға тәукел ет. Негізінен Алла тәуекелшілерді жақсы көреді» - деген. Бұл аятта Алла Тағала Пайғамбарымыздың өзіне мейірімді бол деп бұйырып тұр. Бұл дегеніміз адам баласы өз балаларына, қоршаған ортаға мейірімділік, кешірімділік, кең жүректілікті танытуы керек.
Құраннан тәлім алған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мейірімділік арқылы айналасындағыларды тәрбиелей білген. Бірде балаларын еш сүймеген бір сахабаға: «Алла сендердің жүректеріңе мейірім бермесе, мен не істейін, деді». Тағы бір хадисінде: «Кішілерімізге мейірім танытпаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген бізден емес» - деген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мейірімділікке байланысты хадистері тәрбие құралының негізі ретінде саналғандығы айқын көрінеді.
Бірде мынадай оқиға орын алған екен. Мереке... саябақ толы халық, әкесі мен баласы келе жатыр, бір кезде әкесі баласына тәттілер сатып алмақшы болады. Қайтіп келсе әлгі баласын бірнеше бұзақы балалар ұрып-соғып жатыр екен. Әкесі балаларды ажыратып қолындағы тәттілерді өзінің бауыр еті баласын ұрған әлгі бұзақы балаларға береді, сонда өзінің перзенті әкесінің бұл қылығын түсінбей ренжиді. Сонда әкесі: Ей балам, бұлар ешкімнен мейірім көрмеген ғой» - деп жауап береді. Сол кезде бұзақы балалар да түсінбей қолдарына тәттілер ұстап қалады. Оларға осы сәтте бір мейірім ұшқыны жүректеріне ұялағандай болады.
Қатыгездік – адамның қас жауы. Мейірімділік көрмеген мейірімділік көрсете алмайды. Тәрбие тетіктерінің бірі ретінде көрсетілген мейірімділікті баланың бойына сіңіре білсек көптеген келеңсіздіктердің алдын алған болар едік. Балаға мейіріммен қарап, жылы сөз айтып, көркем түрде сәлемін алу, құшақтау, бауырына басу, басынан сипау, маңдайынан иіскеу, имандылықты насихаттап, жақсы әдеттерге дағдыландырып, көркем мінез-құлыққа үйрету керек.
Француз ағартушысы әрі жазушысы Ж.Ж.Руссо: «Бала туылғанда ақ қағаздай болып таза туылады, оның бетіне шимайды қалай салсаң солай шығады. Бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең солай тәрбиеленеді», - деген екен. Баланың болмысы – көрсем, білсем деп тұрады әрі еліктегіш келеді. Күнделікті өмірде бала нені көп көріп, көп тыңдаса, сол кейіпкерге ұқсағысы келеді. Сол кейіпкердің сөзін, ісін қайталайды. Оның осы қасиеттерін ескере отырып, ұтымды пайдаланған абзал. Осы орайда адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.), саңлақ сахабалардың өмірбаянын, қазақ батырларының ерлігін, ғибратты әңгімелер мен қиссаларын үнемі айтып отыруымыз керек. Әрбір ата-ана дастархан басында өз балаларына ізгілікті насихаттап, жақсылыққа шақырып жамандықтан тыйып, отансүйгіштікке баулып, бала тәрбиесіне немқұрайлықпен емес, үлкен жауапкершілікпен қарасақ, тіпті, мәңгілік өмірде алтын тәж киюіңізге себепкер болуы әбден мүмкін. Тәртіптің ең тамаша мектебі – отбасы болып табылады. Сол себепті бала тәрбиесінде ата - ананың алатын орны ерекше.
Қорыта келгенде, әрбір ағаштың бір жемісі бар. Жүректің жемісі бала. Алла баласына мейірім көрсетпеген адамға мейірімділік етпейді. Сондықтан баланы тәрбиелеу үшін мейірімділік танытып, жақсы көріп, оларды ақылмен еркелетіп, көңіл бөліп ойнатып, адал несібемен бағып-қағуымыз керек.
Алла Тағала баршамызға ізгі, тәрбиелі, білімді, салауатты, салиқалы ұрпақ нәсіп етсін!
ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасының
«Әлеуметтік бастамалар орталығы» МКМ
«Дін мәселелерін зерттеу және талдау»
бөлімінің маманы М.Өтелбаева