Биыл наурыз айында өткізілген «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды одан әрі өркендетудің бес халықтық реформасын белгілеп берді. Бес саусақтай бұл өміршең бес қадам, сонымен бірге, бес институттық реформа деп те аталады. Оның барша қазақстандықтар үшін, соның ішінде мемлекеттің жан-жақты дамуы үшін алатын орны мен рөліне ешқандай баға жетпейді. Баламасы да табыла қоюы қиын. Қысқасы, аталған реформалардың елге тигізетін пайдасы мен тиімділігі қандай болмақ?
Бұл сауал Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Орал қаласында ұйымдастырған аймақтық сарапшылар форумының басты арқауына айналды. «Бес институттық реформа – елді тиімді түрде дамытудың бес қадамы» деп аталған басқосуды аталған институттың директоры Ерлан Қарин ашып сөз сөйледі. – Бұл бес институттық реформа – «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатынан бастау алады. Сондықтан бүгінде аталған институттың жанынан құрылған сарапшылар тобы институттық реформалардың тиімділігін түсіндіру үшін тек Астана мен Алматы төңірегінде қалып қоймай, ел өңірлеріне де шығып, оның мәні мен маңызын жан-жақты саралап беруді ұйғарды, – деді бұдан кейінгі кезекте Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен. Иә, еліміздің батыс қақпасында өткізіліп отырған форум осы мақсаттың іске асуының көрінісі. Сонымен бірге, бұл форумда жергілікті саясаттанушылар мен ғалымдардың және БАҚ басшыларының ой-пікірлеріне де құлақ түруді ұйғардық. Кейін осында айтылған ой-пікірлердің түйіндері негізінде тиісті ұсыныстар әзірленбек. Бұл түбегейлі іс-шаралардың президенттік сайлау үдерістерімен ешқандай байланысы жоқ. Сайлаудан кейін де институттық реформаның мән-жайына қатысты мәселелер жалғасын таба береді, – деді форум жұмысын жүргізіп отырған Ерлан Тынымбайұлы. Форумда тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың өзекті мәселелері туралы тереңінен толғаған саясаттанушы Данияр Әшімбаев қазақстандық қоғамның аршынды қадаммен дамуы, яғни оның бүгінгі биік сатысы жаңа базалық сұраныстарды қажетсініп отырғанын жеткізді. Бұл құрғақ, жаттанды деректердің жиынтығы емес, тұтастай мемлекеттің ішкі және сыртқы дамуының үйлесімділігін қамтамасыз ете алатын мүлдем соны жаңаша сапалық тұрпаттағы технология. Бес институттық реформа – дәл осы деңгейді қалыптастыруға септігін тигізе алатын тетік. Бұл істе мемлекеттік аппарат қызметін дамытудың орны бөлек. Мұндай жағдайда мемлекеттік қызметші кәсіби менеджер сипатында көрінуі керек деп түйін жасады бұдан әрі белгілі саясаттанушы. Әріптесінің ой-пікірін одан әрі толықтырған Әділ Қаукенов бес институттық реформаны тек теориялық тұрғыдан ғана зерделеп қоймай, сонымен бірге, оны практикалық негізде іске асыруға бір кісідей жұмыла кіріскен кезде ғана тиімді нәтиже бере алатынын тұжырымдап берді. Жоғарыда айтылғандай, сарапшылардың аймақтық форумында батысқазақстандық ғалымдар мен стратегиялық даму департаментінің мамандары да орнықты ой-пікірлер айтып, алға қойылған реформалардың көкейкестілігіне тың тұрғыдан көз жүгіртті. Мысалы, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің профессоры Қайнар Қапанов бес институттық реформаның арғы астарына өңірлік даму өлшемі тұрғысынан да көз жүгірту қажеттілігіне тоқталды. Бұл арада орталық пен өңірлердің тығыз байланысы көптеген мәселенің кілтін қолға ұстата алады. Бізде тұрақтылық бар. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Сөз жоқ, бұл – өте қажетті құндылық. Сонымен бірге, осы тұрақтылық формуласы біздің тезірек дамуымызға қызмет жасауы қажет, деді шешен. Саясаттанушы Айдос Сарым бес институттық реформа қоғамды жаңғыртудың тың-тосын мәселелерін іске асыруды қажетсінетіні туралы ой қозғаса, «Альтернатива» өзекті мәселелер орталығының директоры Андрей Чеботарев жаңғырту заңдардың ойдағыдай іске асырылуымен қоса қабат жүргізілсе – институттық реформалар да соғұрлым жақсы нәтиже беретініне форумға қатысушылардың назарын аударды. Форум қызметі барысында www.saigez.kz интернет-басылымының бас редакторы Жарқын Түсіпбекұлы пен Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин БАҚ-тың бүгінгі қоғамдағы орны мен рөлі туралы ой қозғап, дәстүрлі ақпараттық құралдармен бірге интернет — ресурстар мен әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін де кеңірек пайдалану жөнінде әңгіме өрбітті. Сонымен бірге, олар импорт алмастыру мен экономиканы әртараптандыру ісінің берері мол екеніне тоқталып, бұл мәселелерді БАҚ-та көрсету үшін кәсіби шеберлікті шыңдай түсу қажеттілігін атап көрсетті. Сондай-ақ, сарапшылар форумында сөз алған Орал қаласындағы «Арту» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Бауыржан Тұманов әрбір қазақстандық тұтас елге, туып-өскен жерге, оның иесі менмін немесе бізбіз деген қожайындық мінез-құлықты қалыптастыра алса, мұның өзі қоғамдық бес реформаның неғұрлым тезірек іске асуына алғышарт қалай алады деп мәлімдеді. Сарапшылар форумын қорытындылаған Е.Қарин келелі жиында көтерілген көкейкесті мәселелер елеусіз, ескерусіз қалмайтынын айта келіп, осындай басқосуларды аймақтарда өткізу тәжірибесі одан әрі жалғаса беретінін жеткізді. Мұның өзі бес институттық реформаның іске асуына қажетті ел ішіндегі халық үнін кеңірек әрі көбірек ескеруге ықпал жасайтыны туралы ой түйді.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.