Ресей президенті Путиннің «Қазақстанда бұрын-соңды ешқандай мемлекет болмаған» деген қиямпұрыс сөзіне жауап ретінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биыл қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы оң шешім қабылдаған еді. Осыған орай бұған мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, жер-жерде тиісті шаралар ұйымдастырылып жатқаны көзіқарақты оқырманға жақсы таныс. Бұл тойдың шымылдығы менің Астана театры сахналаған «Абылай ханның арманы» атты тарихи драмаммен ашылғанын да бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Оған аса мән беріліп, Мемлекеттік хатшы мен Мәдениет министрі бастаған көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысқан болатын.
Сол кезде Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының басшылары қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандар туралы пьеса жазып беруімді өтініп, тапсырыс берген болатын. Бұндай тиімді ұсыныстан бас тартпай, келісімімді беріп, табандап екі-үш ай отырып, «Керей – Жәнібек» атты тарихи шығарма жазып шықтым. Жақында театр басшыларымен бұл мәселе егжей-тегжейлі пысықталып, бәрі оңтайлы шешіліп, сәтімен келісілген болатын. Тіпті қоюшы режиссер Өскеменге барып та қайтқан еді. Енді тек іске кірісу ғана қалған болатын. Бірақ, жамандық деген аяқ астынан ғой. Ана аптаның соңында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омаров мырза облыстық театр директорын шақырып алып, «сендер бұл шығарманы қоймайсыңдар, оған ақша жоқ, одан да комедиялық қойылымдар қойыңдар» деп тапсырма беріпті. Біріншіден, өнер ұжымына ондай тапсырма беретін Жақсылық Омаров кім? Бұдан асқан сорақылық, бұдан асқан мәдениетсіздік, бұдан асқан надандық, бұдан артық ақымақтық болмас! Жақсылық Омаровтың қандай адам екенін осындан-ақ білуге болатын шығар?! Шығыс халқы оны атымен атамайтын, сыртынан елдің бәрі – Жамандық деп атайтын. Оның халық арасындағы лақап аты – Жамандық болатын. «Ана Жамандық анандай жамандық істеді, мынандай иттік істеді...» деп назалана айтып отыратын... Неге екені өзінен өзі белгілі... Істейтіні – жамандық... Екіншіден өркениетті елдерде мемлекеттік лауазым иелері театр ұжымының қандай спектакль қоятынына араласпайды. Араласуға ешқандай құқы да жоқ. Шетелде осындай сорақылықтар орын алса ол үлкен дау-дамайға айналып, шенеунік абырой-беделден жұрдай боп, креслосынан айырылар еді. Ал бізде бәрібір ғой! Бұдан да зорғы сорақылықтарды көріп жүрміз. Өйткені, Жақсылық Омаров сияқты ұрда-жық, можан-топай басшылар аз ба?! Театрда Көркемдік Кеңес бар, сондықтан театр ұжымы қандай спектакль қоятынын өздері шешуі керек. Мәдениет ошақтарына тек мәдениетсіз шенеуніктер ғана нұсқау беруі мүмкін. Мәдениетті, парасатты басшылар ешуақытта театрдың ішкі ісіне араласпайды. Осыған ақыл-ойы жетпеген шенеуніктен не сұрауға болады?! Ал үшіншіден бұл Президенттің жүргізіп отырған саясатына ашықтан-ашық қарсылық қой. Төртіншіден менің тарихи шығармамда қазақ хандығының негізін қалаған ұлы хан Керей мен Жәнібектен басқа, әйгілі би, жырау, абыздар – Асан Қайғы мен Қазтуған, Қотан тайшы, Ақжол би, Қобыланды, Қаптағай, Қарақожа, Бөрібай батырлардың көркем бейнелері бар ғой. Қазақ хандығын осы бабаларымыз қалай құрды? Оңай болған жоқ! Міне көрермен бұл спектаклді көру арқылы осындай күрделі сауалдарға жауап алар еді. Ал Жақсылық Омаров бұл қойылымды қойдырмау арқылы халқымыздың осындай аяулы тұлғаларының бәрінің бетіне түкіріп отыр ғой! Егер Жақсылық Омаровтың басында титімдей де ми болса, керісінше бұндай қойылымға қолдау білдіру керек қой! Өзі қойдыру керек қой! Бірақ, қайтесің?.. Бесіншіден бұл мені ғана емес, бүкіл театр ұжымын, өнер адамдарын қорлау ғой! Сонда театрлардың нені қойып, нені қоймау керектігін әкімнің орынбасарлары шешу керек пе? Алтыншыдан, осындай тарихи дүниеге екі-үш миллион теңге табылмай қалды деген не сұмдық, не масқара?! Айтудың өзі ұят! Жақсылық Омаров осы сөзді ұялмай қалай айтты екен?
Менің бұл шығармама жазылып бітпей жатып үш театр қолқа салып, өздеріне сұрады. Ешкімге қимай, алғашқы болып өзімнің туған жерімде қойылғанын қалап едім. Мен жазған дүниелерімді қойдыра алмай жүрген жан емеспін. Жақсылық Омаровтың бүкір театрға үкімі жүре қоймас! Сондықтан менің «Керей – Жәнібек» атты пьесам биыл басқа өңірлерде міндетті түрде қойылады. Оған ешқандай күмәнім жоқ! Менің қолыма қалам алдырып отырған нәрсе ол емес, шенеуніктердің өнер ұжымдарына өздерінің қолбалаларындай қарап, қолжаулықтарына айналдырғысы келетіні. Шығармашылық адамдарына танауларының астынмен қарап үйренгені. Сондықтан бұндай әпербақандықты аяқсыз қалдыруға болмайды деп шештім. Әйтпесе, менің дау-дамайдан аулақ жүретінімді елдің бәрі біледі. Бірақ, бұл жерде үнсіз қалсам, арыма сын ғой деп ойладым.
Айтыңыздаршы, ағайын! Бұл Жақсылық па, жоқ әлде Жамандық па? Ертең Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовтің атына ашық хат жазып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялаймын! Әзірше осы ақпаратпен таныса отырыңыздар!
Ал енді Жақсылық Омаров облыстық театр директорына тарихи емес, комедиялық қойылымдар қойыңдар деп тапсырма беріпті. Бұл не масқара?! Керек болса осы оқиғаны арқау етіп, мен-ақ жазып берейін. Жақсылық Омаровты басты кейіпкер етіп. Облыс әкімінің театр директорына ата-бабамыздың тарихын арқау еткен тарихи шығармаларды емес, комедиялық қойылымдар қойыңдар деп тапсырма беруінің өзі комедия емес пе? Бұдан артық қандай комедиялық қойылым болады?! Образ да, оқиға да дап-дайын тұр. Тек жазу керек... көрермендердің ішек-шілесін қатырар нағаз комедиялық қойылым болар еді-ау шіркін!
Бас Кейіпкері – ЖАМАНДЫҚ!.. Бір актілі комедия дайын. Бұны қай театр қояды екен... Сол Шығыс Қазақстан театрына ұсынып көрсем бе екен? Бірақ онда тағы жа ЖАМАНДЫҚ Батыраш секілді аңдып тұрып, желкесін қияды-ау!..
Думан Рамазан, драматург (facebook.com жеке парақшасынан)