Өзбек шекарашыларының қазақ азаматын атып кетуі кем дегенде екі нәрсені аңғартатын сияқты:
1. Қазақ билігінің өз азаматтарының құқығын, тіпті өмірін қорғаудағы қауқарсыздығы.
Қорғау міндетті түрде соғыс ашу, дипломатиялық қатынастарды үзу деген сөз емес, әрине. Бірақ елшіліктің, Сыртқы істер министрлігінің бірегей, табанды позициясын талап ететін оқиға. Атылған азаматтың артында туған-туысы бар, соларға жағдай жасау, құн өндіру деген де бар.
Ең жаманы - біздің билік үшін адам өмірі шыбын құрлы жоқ. Ал шынайы дамыған қоғамның, дүниеден өткен азаматтың жерлесі Әл-Фараби айтып кеткен "қайырымды қаланың" басты құндылығы адам мен оның өмірі емес пе? Конституциямызда бадырайтып жазылған басты қағидат осы емес пе? Еліміздің әлі де болса тоталитарсызданбағанының, кеңес идеологиясы қалыптастырған адамды тек жансыз тетік, құқы жоқ құл санау идеологиясының кесірі.
2. Қазақ пен өзбек қарым-қатынастарының нашарлай бастағаны ма деп қорқамын. Негізі, байқап отырсақ, осындай қақтығыстар, атыс-шабыс екі елдің, дәлірек айтсақ екі ел билігінің арасы нашарлай басталғанда орын алып жатады. Өзбек шекарашылары тәртіпке бағынады. Бірақ, жоғары жақтан нақты тапсырмалар түспесе, атсаңдар бастарыңды жұламыз дегендей ишарат болмаса, олар да шектен шыға бастайды.