«Мегаполис: тұрмысқа әлде жұмысқа жайлы ма?»

Рейтинг
28.07.2015, 13:55

25 шілде, сенбіде Астанада «Мегаполис: тұрмысқа әлде жұмысқа жайлы ма?» тақырыбында  форум өтті.#Talks2050 – TED конференциясы форматындағы бейресми форум. Ұйымдастырушылар: «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы, ҚР мәдениет және спорт министрлігі. Биылғы алғашқы #Talks2050 форумы Атырау қаласында өтті.

Осы жолы бұқара назарына ұсынылатын тақырып аясы: «Қазақстанның бас қаласының келешек келбеті қандай болуы тиіс? Қаланың ғаламдық урбанистикалық орталыққа айналуы елорда тұрғындарына қандай табыс әкелмек? Елорданы дамыту бағдарламаларында қала тұрғындарының мүддесі қаншалықты көзделген? Қала тазалығы мен ондағы тұрғындарға жасалған жағдайға қатысты елордалықтар ойын ашық айтып, нақты ұсыныстар беруге дайын ба?»

DSC_0062

«Спикер ретінде біз астананың дамуына тікелей қатысы бар, өз өмірін қаланың келбетін қалыптастыруға арнаған адамдарды шақырып отырмыз. Олар сәулетшілер, экономистер, саясаттанушылар, үкіметтік емес ұйым көшбасшылары, кәсіпкерлер мен өзге де белсенді қала тұрғындары. Олардың әрқайсының алдында көрерменге қызықты тәсіл арқылы Астанада сапалы өмір сүрудің стратегиясы туралы жеке тәжірибесімен бөлісу міндеті тұр, - дейді «Қазақстан 2050»  Жалпыұлттық қозғалысының медиа-директоры Қанат Әуесбай.

Форум аясында 10 спикердің әрқайсысы 15 минуттан сөз алды. Яки, шамамен 3 сағат аясында форум қатысушылары әр саланың кәнігі мамандарының өз аузынан экономика, инженерия, бизнес, экология, мәдениет саласы тұрғысанан көзқарастары мен болжамдарын тыңдай алды.

Мәселен, форум спикерлерінің бірі Азаматхан Әміртай 2050 жылға қарай Астананы қандай келбетте көргісі келетінімен бөлісті. «Өсіп келе жатқан қаланы көрген адамның өзі де өскісі келеді», деп аудиторияға өнегелі ой тастаған Азаматхан тағы бір сөзінде «Астана іздене білгендердің ғана бағын ашады» деген кесек ойымен бөлісті.

4L3A0039

Көпшіліктің жіті назар аударған кезекті спикері Назарбаев университеті кітапханасының жетекшісі Петр Лапо болды. Астана тұрғындары рухани жағынан өте бай болуы үшін кітапхананың тұрақты келермені болуы керек дегенді айтқан Петр мырза әрбір адамның үй мен жұмысынан кейінгі жиі баратын үшінші орны кітапхана болуы тиіс деп тосын ойымен бөлісті.

Астананы танымал брэндке айналдыру туралы сөз алған pr-маманы Виктория Даулеткелдиеваның ойлары да көпшілікті қызықтырды. Оның айтуынша, Елорданы брэндке айналдыру үшін бас шаһар туралы көптеген туристерді тартатын аңыздар керектігін, әзірге ол аңыздардың аздығын алға тартты.

Ал, қалада жұмыстан бөлек тұрмыс та жайлы болуы үшін Виктор Сыздыков көп қабатты үйллер тұрғындары өз құқықтарын білуі керектігіне баса назар аударды. Сыздықовтың айтуынша, өз құқын білмеу осы саладағы көптеген кемшіліктердің орын алуына әкеп соқтырады. Мәселен, кондоминимумды ұғымын түсінбейтіндер көп дейді Виктор Сыздықов.

4L3A0006

«Астана туралы ел арасында жағымсыз кертартпа көзқарастар жоқ емес. Мәселен, Астана тек шытынаған шыныдан тұрғызылған суық қала, шіренген шенеуніктердің шаһары деген сияқты мифтер. Осыған орай, біз қаңқу сөздердің желдей еспей, тек осындай бейресми форумдарда талқыланғанын қалаймыз. Бұл пікірлер тек көлікте, ас үйде емес, осындай бейресми мінберлерде жиі айтылып тұрса және олар ақпарат құралдарында жиі көрініс тапса, ізгі қоғамдық пікірдің қалыптасуына сеп болады», дейді Қанат Әуесбай.

Форум аясында 10 спикердің әрқайсысы 15 минуттан сөз алды. Яки, шамамен 3 сағат аясында форум қатысушылары әр саланың кәнігі мамандарының өз аузынан экономика, инженерия, бизнес, экология, мәдениет саласы тұрғысанан көзқарастары мен болжамдарын тыңдай алды. Тұтастай алғанда, барлығы Атырау, Астана, Петропавл, Шымкент, Өскемен қалаларында 5 форум жоспарланып отыр. Ендігі кезекті бейресми басқосу тамыздың 1-де Петропавлда өтеді. Қызылжар өңіріндегі де тақырып аясы  өзекті. Онда солтүстік өңірлердің дамуы сөз болады.

Сұхбат

PhotoRoom