«Қазақстан - өрт сөндіру құралдары жоқ ғимарат»

Рейтинг
30.05.2014, 15:51

Қазақстанда этностық конфликтілердің ықтималдығын болжау үшін сәуегей болудың қажеті жоқ. Кез келген көпұлтты, көпмәдениетті ел сияқты бізде де түрлі ұлттардың арасында мүдде, дәстүр-салт, дін мен тіл негізіндегі қайшылықтар жетерлік. Жұмыссыздық деңгейінің өсуі, халықтың билікке деген сенімсіздігі, жемқорлық, ресурстардың әділ түрде бөлінбеуі, құқықтық нормалардың бұзылуы сияқты Қазақстан қоғамындағы үйреншікті болған көріністердің кез келгені ұлттар арасындағы татулыққа сызат түсіруі мүмкін.

Конфликтінің алдын алу теориясын ұсынушылар этносаралық жанжалдарды кәдімгі жол апатымен не ғимараттағы өртпен салыстырады. Жол апатына әкеліп соқтыратын факторлар белгілі, айталық, көліктің техникалық ақауы жоқ болса, жүргізуші ережені бұзбаса және жолдың сапасы жақсы болса, апаттың ықтималдығы азаяды. Сол сияқты ғимараттарда өрт сөндіру ережелері дұрыс сақталса, дабыл қағу, өртті өшіру құралдары жақсы жұмыс істеп тұрса, адамдар өз міндеттерін білсе, онда тұтанған жалынның алдын алуға болады. Этностық конфликтіде де жағдай осыған ұқсас. Сондықтан Еуропаның тарихын зерттеуші Норман Дейвис: «Тарихтағы қасіретті оқиғалардың барлығы жалпыға ортақ факторлар мен кездейсоқ факторлардың тоғысуынан болған», – деген пікір айтқан.

Осы тәртіппен алып қарар болсақ, Қазақстан қазір өрт сөндіру құралдары жоқ, дабыл қағу жүйесі істемейтін, тұрғындары өрт сөндірудің амал-әдістерінен бейхабар ғимаратқа ұқсайды. Ол аздай, ғимарат әкімшілігі күн құрғатпай «Біз өрт қауіпсіздігін сақтауда жұрттың бәрінен алда келеміз!» деп мақтанудан танбай келеді.

 

Мұхтар Сеңгірбай, саяси ғылымнан PhD докторы, ҚазҰУ-дың саяси зерттеулер ақпараттық орталығының директоры Мұхтар Сеңгірбай, саяси ғылымнан PhD докторы, ҚазҰУ-дың саяси зерттеулер ақпараттық орталығының директоры

Билікті ішінара бөлістік

Идеалды жағдайда бір ұлттың орналасу шекарасы мемлекеттік шекарамен сәйкес келуі керек. Ондай болмаған жағдайда ел ішіндегі этностық топтар арасындағы айырмашылықты жоюға туралы келеді. Ол айырмашылықтарды жоюдың лайықты және лайықсыз әдістері бар. Адамзат қанша өркениетті деңгейге жеттік дегенімен лайықсыз әдістер әлі күнге дейін ашық не жасырын түрде қолданылып келеді. Геноцид және этностық тазалау әдістері 1990-жылдары Югославия мен Руандада қолданылды. Сарапшылардың айтуынша, ассимиляциялау әдісі әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде демократиялық Батыс мемлекеттерінде, түрлі бүркеме атпен жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстан құқықтық, зайырлы мемлекет ретінде барлық ұлттардың құқықтары қорғалатын, барлық тілдердің сақталуына кепілдік берілетін ұлтаралық саясат жүргізетінін жариялады. Өкімет 2007 жылы констититуциялық реформаларды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Халқы ассамблеясының атынан мәжіліске тоғыз депутат сайлау туралы шешім шығарып, орталық билікті ішінара бөлісуді жөн деп тапты. Бұл өзге ұлттар арасындағы қарсылық пиғылдардың азаюына біраз септігін тигізген шара болды.

 

«Конфликтофобия»

Дегенмен, Қазақстан кеңес заманынан мұраға қалған конфликтіден қашу әдісін әлі күнге қолданып келеді. Кеңестік идеологияның ықпалының арқасында «конфликт – мемлекеттің жіберген қателігінің кесірінен туындаған жағымсыз құбылыс, қоғамдық дамудағы лайықсыз жағдай» деген пікір бар. Үкімет конфликтінің туындағанын мойындаған жағдайда қоғам дауындағы олқылықтардың бар екенін мойындаған болып шығады, сондықтан бәрін жасырып-жабуға тырысады. Соның кесірінен конфликтінің алдын алу, реттеу мүмкіндіктері пайдаланылмай қалады, уақыт өтіп кетеді. Конфликтіні басқаруда өрескел қателіктер жіберілгендіктен (ақпаратты жасырын ұстау, конфликт себептерін елемегенсу, қарсыласушы жақтарды мойындамау) жағдай одан сайын ушығып кетеді. Ақпараттың аздығы ел арасында өсек-аяң туғызып, оқиғаға деген қызығушылықты бұрынғыдан да арттырып жібереді, түрлі жаңсақ пікірлер, долбарлар жарияланып, халықты үрей, қорқыныш билейді, кейде жалған ақпараттың кесірінен деструктивті күштердің соңынан ілесіп кететіндер де табылады. Бүгінгідей интернет заманында кез келген тексерілмеген ақпаратты әлеуметтік желілердің көмегімен жұрт арасына таратып жіберу қиын емес. Мұндай жағдайда мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздікке жете мән беріп, түрлі деструктивті күштердің алдын орап кететіндей оперативті, сенімді әрі ықпалды ақпарат тарату каналдарын қалыптастырып, оларды бейбіт жағдайда пайдаланып отыруы қажет.

 

Ерте дабыл қағу жүйесі қажет

Бізге ең алдымен өркениетті елдердегідей ерте дабыл қағу жүйесі керек. Үкімет елдің барлық аймақтарында ұлтаралық жағдайды объективті түрде зерттеп, үнемі қадағалап отыратын ғылыми-зерттеу орталықтарының жүйесін құруы керек. Олар әр аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды бақылаумен қоса этностық топтардың көңіл-күйін жіті қадағалап отыруы керек. Олардың қандай мұң-мұқтажы, талап-тілегі бар екенін түрлі сауалнама жүргізу арқылы, статистикалық мәліметтер жинау арқылы біліп отыруы тиіс.

Қазақстанда конфликтілердің алдын алудың жалпыұлттық институтталған жүйесі қалыптасуы керек. Және бұл тек қазақтан басқа ұлт өкілдеріне қатысты деген ұғым болмауы керек. Мәселен, баспасөзде Ақтөбедегі мұнай саласында істеп жүрген қытайлар мен қазақтар арасындағы дүрдараздыққа қазақтардың жалақыны аз алуы, жұмыссыздық сияқты мәселелердің түрткі болғаны көп жазылды. Солтүстік және Шығыс Қазақстандағы халықтардың ұлттық құрамын, этностық даралығын, мемлекетке қатысты көзқарасын жан-жақты саралау керек. Өткен жылдары Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы ұлтаралық жағдай туралы көп жазылды. Бірақ, «ондағы конфликтогендік жағдай қаншалық ауқымды? Ұлттарды араздастырып отырған факторлар не?» деген сұрақтарға жауап іздеп, талдау жасаған мекеме болған жоқ.

«Этностық» деген аты болғанымен, мұндай конфликтілер көбіне әлеуметтік мәселелер төңірегінде туындайды. Сондықтан, Қазақстанда кикілжіңге себепкер болуы мүмкін әлеуметтік индикаторлар жүйесі жасалуы тиіс.

Мұхтар Сеңгірбай, саяси ғылымнан PһD докторы, ҚазҰУ-дың саяси зерттеулер ақпараттық орталығының директоры

Сұхбат

PhotoRoom