Кім қалай сөйледі?

Рейтинг
17.03.2016, 14:50

Саяси партия жетекшілерінің қатысуымен, саяси мәселелер айтылатын мұндай дебат қазақстандық телеарналарда 4-5 жылда бір-ақ рет болады. Қалған уақытта әншілер мен әртістерге көңіл бөлінеді. Менің пікірім төмендегідей:

«Нұр Отан»

мырзахметов

Асқар Мырзахметов екі тілде теңдей сөйлеп, ашық саясаттағы алғашқы сөзжарысын өз деңгейінде өткізді. Оның бұрыннан бизнестегі, атқарушы биліктегі жұмыстары жоғары бағаланып келеді. Партия басшылығына тағайындалғанда шаруашылық адамының идеологиялық жұмысқа келуі жайлы аз жазылған жоқ. Дегенмен, бұл сайлау науқаны оның саяси тәжірибесін арттырғаны көрініп тұр. Облыстарды аралап, халықпен жүздесіп келген ол қалған 5 қарсыласына қарағанда әлдеқайда жүйелі сөйледі. Нақты цифрлар мен статистикаларды әрбір сөзіне дәйек ретінде пайдаланды. Бұл – кез келген оратордың сөзін салмақтандыра түсетін қасиет. Атқарылған жұмыстар туралы да ауыз толтырып айтқан Асқар Мырзахметов қана болды. Қалған партиялардың өкілдері ұсыныстармен шектелді. Әкім, министр болған ол елде атқарылып жатқан шаруалар мен жобаларды, олардың қаржы көлемі мен нәтижелерін жатқа білетінін тағы бір мәрте көрсетті.

Бір мысал «Бірлік» партиясының атынан сөз жарыстырған Роза Қуанышеваның «Сіздер ауқымды бағдарламалар мен мемлекеттік жобалар жайында көп айтасыздар. Ал «Нұр Отан» партиясы қарапайым адамдар үшін, олардың проблемаларын шешу үшін нақты не істейді?» деген сұраққа «Еліміз бойынша 740-тан астам «Нұр Отан» партиясының қабылдау бөлімі барын және оған 2 миллионнан астам адам жүгінгенін нақты сандар арқылы білдік. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 22 мың мүмкіндігі шектеулі азаматтың мәселесі шешілді», - деп жауап берді А.Мырзахметов.

Статистика деп қалдық, «Нұрлы жол» бағдарламасы 400 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Мұнан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» күшейтілді. Ағымдағы жылы бұл мақсаттарға 60 мың жұмыс орнын қолдауға мүмкіндік беретін 100 млрд. теңге бөлінгенін атап өтті.

А.Мырзахметовтің айтуынша, Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміздің экономикасы 59 трлн. теңге инвестиция тартылған. Халықтың шынайы табысы 3,5 есе өсті. Тек соңғы 10 жылда ғана шағын және орта бизнес үлесі 2,5 есе өсіп, бұл салада еңбекпен қамтылғандардың саны 1 миллоннан 3 млн. адамға дейін көбейді. Сонымен қатар ол Индустрияландыру бағдарламасының алғашқы 5 жылдығында өңдеу өнеркәсібінің 28 жаңа секторы құрылып, 3 мың жаңа өндіріс игерілді және 400 жаңа өнім түрі шығарылды.

«Ақ жол»

перваш

Партия төрағасы Азат Перуашев өзін еркін ұстады. Галстуксыз келгеніне де мән беру керекпіз. Ашықтықты, қарапайымдылықты білдіреді.

Бұған дейін ол 2012 жылы да пікірсайысқа қатысқан, тәжірибесі бар. Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі көтеріліп қалыпты. Оның көліктік-логистикалық әлеуетін жүзеге асыру үшін жүктерді кедендік рәсімдеу жүйесін жетілдіру туралы ұсынысы ұнады. «Транзиттік жүктер апталап, тәуліктеп шекарада жататын болса, онда дәл бүгінгідей жүктердің бәрі елімізді айналып өтетін болады» дегені өзекті дүние. Авто және теміржолдарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін техникалық реттеу мәселесін де қайта қарау қажет. «Ең бастысы бұл бағыттың барлығында сыбайлас жемқорлықты толық жою қажет», - деді.

«Ауыл» 

әли

Бектаев – саясаттағы жаңа фигура. Оның ел алдына шығып сөйлегенін бұрын-соңды көрмегенбіз. Спичрайтерлері әрбір секундқа дейін есептеп тәптіштеп жазып бергені көрініп тұр. Кіріспе сөзге берілген 2 минутының тура тең жартысы қазақша шықты. Оның ауылшаруашылығының негізгі салаларын Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктері негізінде дамыту керек деген пікірін атап өтуге болады. Оның айтуынша, еліміздің тек ірі қара мал етінің көршілес Ресей мен Қытайға экспорттық әлеуеті 5 млрд. доллардан асады екен.

ҚХКП

костя

2012 жылғы парламент сайлауы алдындағы саяси дебатқа да бұл партия Владислав Косаревті шығарған болатын. Соңғы 4 жылда қазақтілді электораттың саны көбейгенін ескеру керек. Осы бойынша орталық сайлау комиссиясы да статистика жариялау қажет. Себебі Қазақстан халқының өсімі ауылдық жерлердің есебінен көбейіп келеді. Коммунистер бұны ескермеді. Қазақтілді аудиторияны не сыйламайды, не мүлде үміт күтпейді. Әйтеуір партияда екітілді фигуралар бола тұра, Косаревтің шығуын өз басым қабылдай алмадым.

Сөз де, сөйлем де, ұран да ескі. 4 жылдың ішінде қарт сайлаушылардың саны азайып, коммунистік идеяға сене бермейтін электораттың жаңа толқыны келіп жатқанын ескерсек, биыл коммунистерге дауыс аз берілуі керек. Саяси дебатта да сенімді, ұтымды ештеңе айта алмады.

ЖСДП

жсдп бірлік

ЖСДП 2012 жылғы теледебатқа Жармахан Тұяқбайды шығарған еді. 2005 жылы да, 2012 жылы да асықпай сөйлеп, өзіне берілген уақытты өткізіп алған болатын. Публика алдында шешен сөйлейтін, халықты соңынан ерте алатын тұлға емес екенін сол кезде-ақ көрсетіп алған. Егер сол жылдары Әміржан Қосанов шыққанда жағдай басқаша болар ма еді. Қосановты сыйғызбаған партия биыл Зәуреш Батталоваға сенім артыпты. Ол кісі – азаматтық қоғам өкілі. Партияда ресми қызметте емес. ЖСДП-ның алғашқы қателігі осы жерден басталса керек. Өзге партияның үгіт-насихат жұмыстарына кедергі келтіріп, онысын видеоға түсіріп таратқан азаматтар өздерін саяси дебатшы санап жүргенде «сол азамат шығар ма екен?» деп ойлаған едім. Абырой болғанда Зәуреш Қабылбекқызы сөз ұстап шықты. Рас, Батталова сенаторлық қызметтен кейін үлкен мінберден көрінбей кеткен. Қобалжу байқалды, қағазға көбірек үңілді. Антигептил белсенділері осы партияны қолдап жүргендіктен экологиялық мәселелерге де көңіл бөлінер деп үміттенгенмін. Петр Своик тарифтік саясат, кредиттеу сияқты тақырыптарды мықты білетін. Алайда партия ішіндегі келіспеушіліктің кесірінен бұл тақырыптарда да тыңғылықты аналитика көре алмадық.

Әрбір партияның сөзұстарының ұсынысын келтіріп жатқан соң ЖСДП тарапынан айтылған мына бір сөзді мысал ете кеткім келеді. «Жоғары технологиялық өндірістер шоғырын құру керек. Экспорттаушылар қызметін бақылауға алу керек. Шағын және орта бизнестің дамуына жан-жақты жағдай жасалып, жерге жекеменшік алынып тасталуы қажет», - деді Батталова.

«Бірлік» 

Экономиканы емес, экологияны көбірек қозғады. Жалпылама, жаттанды сөздер көп. Леонардо ди Каприо сияқты ғаламдық климат туралы емес, Алматы, Семей, Қызылорда, Атыраудағы экологиялық жағдайлардың өзін сырт айналып кетті. Атыраудағы мұнай қалдықтары, Протонның ұшырылуының зардабы сияқты мәселелер айтылмады. Ди Каприоның өзі арал мәселесіне әлем назарын аудартқан еді. «Бірлік» партиясы үдеден шыға алмады. Роза Қуанышеваны халық танымайды. Оның орнына Мұрат Қожамқұлов шығуы керек пе еді... Әйтеуір әлі де бір қайнауы ішінде партия сияқты көрінді.

Жарқын Түсіпбекұлы

Сұхбат

PhotoRoom