Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында халқымыздың тарихи мұрасын зерттеу мен дәріптеудің маңызына ерекше тоқталған болатын. Президенттің айтуынша, сан ғасырлық тарихымыз бен терең тамырлы шежіреміз – ұлттың мәдени кодының өзегі. Сондықтан оны жан-жақты зерттеп, зерделеп, кеңінен насихаттауға қажетті жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткен көрменің мақсаты - өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, музей қорында сақталған құнды жәдігерлерді жұртшылыққа таныстыру, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру және жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру. Көрменің салтанатты ашылуына Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Шынарбайұлы, мәдениет саласының және зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары, жастар, туристер қатысты.
Экспозицияда археологиялық жәдігерлер, Қазақ хандығы кезеңінің мұралары, этнографиялық бұйымдар, ұлттық музыкалық аспаптар, киіз үй мәдениетінің үлгілері, кесте өнері және Кенесары ханның қылышы көпшілік назарына ұсынылды.
Айта кетейік, жоба аясында алдағы уақытта музейдің облыстағы 8 филиалы екі апталық көшпелі көрмелер ұйымдастырып, қордағы тарихи-мәдени құндылықтарды тұрғындар мен қонақтарға таныстыратын болады.
Бүгінде қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасын сақтау мен дамыту мәселесі өзекті болып отыр. Осы бағытта ұлттық тізімдер жасақтау маңызды. Мұндай тізімдер дәстүрлер мен мәдени мұра элементтерінің қазіргі жағдайын анықтауға, олардың жойылып кету қаупін бағалауға және бұл мұраны сақтап келе жатқан шеберлер мен мұрагерлердің нақты санын белгілеуге мүмкіндік береді. Яғни ұлттық құндылықтарды жүйелі түрде зерттеп, қорғаудың ғылыми негізі қалыптасады.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері өмірдің күнделікті тынысымен бірге жасасқанда ғана олардың жалғастығы сақталады. Мысалы, бесікке салу, қыз ұзату, келін түсіру, ас беру сияқты дәстүрлер халық тұрмысында әлі де кеңінен қолданылып келеді. Осындай салт-жоралғылардың үзілмей жалғасуы олардың өміршеңдігін қамтамасыз етеді. Ал тұрмыстан алыстап кеткен кейбір дәстүрлер уақыт өте келе жас ұрпақтың жадынан өшу қаупіне ұшырайды. Сондықтан материалдық емес мәдени мұраны сақтау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.
Соңғы жылдары Қазақстан ұлттық мәдени құндылықтарын халықаралық деңгейде таныту бағытында бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Соның бірі – қазақтың дәстүрлі ою-өрнек өнерінің ИСЕСКО-ның Ислам әлемі мұралары тізіміне енгізілуі. Ою-өрнек – халқымыздың дүниетанымын, эстетикалық талғамын және тарихи сабақтастығын айқындайтын маңызды этномәдени белгі. Оның халықаралық деңгейде танылуы Қазақстанның мәдени мұрасын әлемге танытудағы маңызды жетістік саналады.
Айта кету керек, бұған дейін, яғни 2023 жылы ИСЕСКО тізіміне түркі өркениетінің айрықша мәдени символдарының бірі саналатын «Тоғызқұмалақ» ұлттық ойыны енгізілген еді. Бұл қазақ халқының интеллектуалдық дәстүрінің әлемдік мәдени кеңістікте мойындалғанын көрсетеді.
Сонымен қатар Қазақстан мәдени мұра нысандарын ЮНЕСКО және ИСЕСКО тізімдеріне енгізу бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді. Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен ЮНЕСКО Үкіметаралық комитетінің 20-сессиясында «Киіз үйді жасау және пайдалану дәстүрін» кеңейту туралы шешім қабылданды. Киіз үйдің әлемдік мәдени мұра ретінде танылуы Орталық Азия халықтарының ортақ тарихи тамырын көрсетеді.
Жалпы алғанда, материалдық емес мәдени мұраны сақтау – ұлттың тарихи жады мен рухани болмысын қорғау деген сөз. Қазақ халқының дәстүрлері мен өнері тек өткеннің белгісі емес, қазіргі қоғамның рухани тірегі әрі құнды мұра. Сондықтан ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу, сақтау және халықаралық деңгейде таныту жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бермек.