Қазіргі жаһандану заманында рухани құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақты осы бағытта тәрбиелеу – кезек күттірмейтін міндет. Технология шапшаң дамып, әлеуметтік желіде түрлі ақпараттың таралуы жас ұрпақтың ұлттық құндылықтардан қол үзбей өсіп-жетілуін қажет етеді. Осы орайда киелі Түркістан қаласында бұл мәселеге ерекше мән-маңыз берілетінін айту керек.
Әлем халықтарының мәдениет саласындағы атаулы мейрамдарын аңдасақ, музыкалық аспаптарға арналған мерекелік күндер бар, әдетте олардың ортақ атаулары «халықаралық» деген мәртебемен айқындалып жатады. Мысалы, 1 қараша – «Халықаралық скрипка күні», бұл мереке 1975 жылы ЮНЕСКО қаулысымен арнайы тіркелген және заңды мәртебесі де бар, сондықтан ол дүниежүзі бойынша аталып өтеді. Тап осындай аспапты ардақтайтын күндер – виолончель, флейта, саксофон, т.б. шекті және үрмелі аспаптарға да тиесілі екен. Ал енді әлемдік емес, мемлекеттік шеңберде, яғни бір ұлттың мәртебесін көтеретіндей аттас шараларға шолу жасасақ, әрине мұндай мерекелер де бар, ТМД аумағында ұлттық аспаптық жәдігерлерін ұлықтауда көрші Ресей мемлекеті алда тұр. Ресейде 2008 жылдың 23 маусымы «Балалайка күні» деп, 2010 жылдың 20 наурызы «Сырнай күні» деп белгіленген. Ресей Федерациясы құрамындағы башқұрт халқының қурай аспабы да биылғы жылы «Башқұртстанның территориялық бренді» деген дәулеттік мәртебеге ие болды. Мұнан өзге музыкалық оқиғаларға арналған атаулы күндер де баршылық.
Өзіміздің елгеоралар болсақ, шілде айының алғашқы жексенбісі — Ұлттық Домбыра күні болып бекітілгені баршаға мәлім. Бұл — халқымыздың рухани мұрасын дәріптейтін, қадір-қасиетін ұлықтайтын ерекше күн. Өйткені домбыра — жай ғана музыкалық аспап емес, домбыра — ұлттың үні, тарихтың тілі, рухтың жыры.
Қазақ халқының жүрегінен орын алған киелі аспап – домбыра. Екі ішектің үнімен талай тарихты толғаған, елдің мұңын да, қуанышын да жеткізген домбыра – халқымыздың мәдени коды, рухани мұрасы, ұлттың үні. Домбыраның шанағынан төгілген әрбір күй – бір-бір дастан, бір-бір тарих. Ол ұлттың басынан өткен кезеңдерді, ерлік пен елдікті, махаббат пен сағынышты шебер жеткізеді. Күй арқылы сөзсіз сөйлеп, тыңдаушыны тербейтін мұндай өнер әлемде сирек.
Домбыра – жай ғана аспап емес. Ол – тәрбие құралы. Ұлттық болмыстың өзегінде тұрған бұл мұраны ұрпақ санасына сіңіру – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Домбыра тартуды үйрету арқылы біз ұлттық сана, эстетикалық талғам, тарихты құрметтеу сынды маңызды құндылықтарды жастарға дарытамыз.
Түркістан облысы – қазақ халқының рухани құндылықтары мен тарихи мұрасының алтын діңгегі болып саналатын ерекше өңір. Бұл аймақ ежелден бері ұлттық мәдениет пен дәстүрдің сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан орталығы ретінде танымал. Бүгінгі таңда өңірде қазақ халқының болмысын айшықтайтын салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды және ұлттық киімді кеңінен насихаттау бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу – қоғамның рухани жаңғыруының негізі. Осы тұрғыда Түркістан облысында мәдени жобалар мен қоғамдық бастамалар жүйелі түрде іске асуда. Әсіресе, жастар арасында ұлттық сана мен тарихи танымды қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мектептер мен мәдениет мекемелерінде этнографиялық шаралар, дәстүрлі өнер фестивальдері және танымдық кездесулер ұйымдастырылып келеді.
Домбыра – қазақ халқының тарихын, дінін, салтын, рухын бойына сіңірген киелі мұра. Бұл аспап ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа аманат болып, ұлттың рухани діңгегіне айналды. Домбыра арқылы қазақ тек өнер емес, тәрбие, имандылық, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді де ұрпағына жеткізді. Қазақ халқы үшін дін мен дәстүр ұштастығы – бір-бірінен бөлек емес, біртұтас ұғым. Домбыра – осы бірліктің нақты белгісі. Жастар домбырамен тәрбиеленсе, олар салтты да, иманды да, ұлттық болмысты да бойына сіңіреді. Бұл – ел болашағы үшін маңызды рухани іргетас.