Қаржы полициясы: кеше Оспанов, бүгін Смағұлов

Жаңалықтар
03.07.2014, 18:22

 

Қарағандының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұловқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қаржы полицейлері Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдік келтіріп отыр. Тергеудің пайымы бойынша, ол 2013 жылы "ЮТЭКС" ЖШС директорына өзінің Қарағандыдағы жеке үйіне компания есебінен жөндеу жүргізуді заңсыз міндеттеген. Құрылыс фирмасы несиелік мемлекеттік баспаналарды тұрғызу бойынша мердігер болған. Алдын ала бағалау бойынша, Смағұловтың үйіне жүргізілген жөндеудің құны бес млн теңгеден асады.

Еске сала кетейік, Смағұлов 2014 жылдың 24 маусымында Қарағанды қаласының әкімі қызметінен кеткен болатын. Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, ол жұмыстан өз еркімен кетті. Ол қаланы 2012 жылдың күзінен бері басқарды. Оған дейін Смағұлов облыстық құрылыс басқармасының бастығы, Саран қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір Қарағандыда жаңа әкім - Нұрлан Әубәкіров. Ол бұған дейін Балқаш қаласын басқарды. Қала әкімі ауысардан бұрын, Қарағанды облысына да жаңа басшы тағайындалған болатын. Аймақты қазір Нұрмұхамбет Әбдібеков басқарады.

Бұған дейін Қаржы полициясы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспановты парамен ұстағанын мәлім еткен болатын.

«2014 жылы 1-шілдеде қаржы полициясы агенттігінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы М.Оспановты ұстады. Оған табиғи монополиялар субъектісіне көмек және қамқорлық жасағаны үшін 200 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдік тағылуда.Оспановқа қатысты аса ірі мөлшерде пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі шешілуде. Қылмыстық іс тергелуде, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды», - делінген ресми хабарламада.

Мұрат Оспанов агенттік төрағасы болып 2012 жылдың қаңтарында тағайындалған еді. Оған дейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппаратының жетекшісі, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу басқармасы бастығы және басқа да қызметтерді атқарды. 2002-2004 жылдары Семей қаласы әкімінің орынбасары болды.

 

Сұхбат

PhotoRoom