Оңтүстік ақындары тәуелсіздікті жырлайды

Жаңалықтар
15.09.2014, 18:30

Тәуелсiздiк күнi мерекесiне орай Шымкентте «Сен жанбасаң лапылдап» атты жас ақындардың жыр мүшәйрасы өтедi. Сонымен қатар 17 қазанда облыс орталығында қоғам қайраткерлерi Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың 120, ал «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң 90 жылдық мерейтойларына орай ғылыми-тәжiрибелiк конференция ұйымдастырылады. Осы және өзге де ауқымды жобаларға қатысты облыстық iшкi саясат басқармасының басшысы Берiк Құрманғали брифинг өткiзiп, басқарманың алдағы жоспарларымен бөлiстi.

— Әдебиет пен мәдениеттi, өңiрiмiздегi талантты жастарды қолдау мақсатында аймақтық мүшәйра өткiзбекшiмiз. Оған 14 пен 29 жас аралығындағы ақындар қатысады. Жыр додасына қатысушылар 1 желтоқсанға дейiн «Тәуелсiздiк – тiрегiм», «Оңтүстiгiм – жыр елiм» деген тақырыптарда және еркiн шығармашылығынан жалпы саны үш өлең жолдайды. Жүйрiктердi арнайы комиссия анықтайды. Оның құрамында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерi, жазушы Мархабат Байғұт, ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Жанарбек Әшiмжан, ақын, саяси қуғын-сүргiн құрбандары мұражайының директоры Ханбибi Есенғарақызы және мемлекеттiк «Дарын» жастар сыйлығының иегерi, ақын Қалқаман Сарин бар. Бас жүлде – кiтап, одан құнды дүние жоқ. Яғни мүшәйра жеңiмпазының шығармалар жинағын шығарып бермекпiз. Ал, қалған жүлдегерлерге қомақты ақшалай сыйлықтар тапсырылады, — дедi Берiк Уәлиұлы.

Биыл қазақ халқының дара перзенттерi Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың дүниеге келгенiне 120 жыл. Сондай-ақ, осы тұлғалардың қолтаңбасы қалған «Оңтүстiк Қазақстан» газетiне 90 жыл толып отыр. Басқарма басшысы осы айтулы мерекелер де жоғары деңгейде өтетiнiн айтты.

— 17 қазанда Шымкентте ғылыми-тәжiрибелiк конференция өтедi. Оған елiмiзбен қатар көршiлес мемлекеттерден де тарихшылар, ғалымдар қатысуы мүмкiн. Қазiр Түркi академиясының президентi Дархан Қыдырәлiмен келiссөздер жүргiзiлуде. Ол ойдағыдай өтсе, конференциямыз халықаралық деңгейге көтерiлмек. Бұл жиында қазақтың көшбасшы қайраткерлерi Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов және аймақта беделi бар қарашаңырақ басылым «Оңтүстiк Қазақстан» газетi туралы айтылатын болады. Тың зерттеулер жарияланады. Сондай-ақ, осы iс-шара аясында 27 қыркүйекте журналистер арасында шағын футболдан республикалық турнир өтедi. Бұл бәсекеге қатысуға Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласындағы әрiптестерден өтiнiштер келiп түстi. Турнир жеңiмпазына қос қайраткердiң мерейтойына сай 120 мың, екiншi орынға «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң 90 жылдығына орай 90 мың, ал үшiншi орынға 60 мың теңге тапсырылады, – дедi ол.

Iшкi саясат басқармасы жыл соңына дейiн 27 iс-шараны өткiзудi жоспарласа, оның үшеуi өтiп үлгерiптi. Алда саясаттанушылардың дөңгелек үстелi, журналистердiң семинар-тренингтерi ұйымдастырылмақ. Ол жиындарға елiмiзге танымал Ерлан Қарин, Досым Сәтбаев бастаған саясаттанушылар қатысуға келiсiмдерiн бердi. Қыркүйектiң 16-сы күнi аудандар мен қалалар журналистерiне арналған семинар-тренинг өтедi. Ал 17 қыркүйекте «Журналистiк этика» тақырыбындағы кездесуде Серiк Жанболат және Есенгүл Кәпқызы сынды танымал журналистер облыстық БАҚ қызметкерлерiмен тәжiрибелерiн бөлiспек. Мұндай семинар-тренингтер жыл соңына дейiн 4 рет ұйымдастырылады. Осы және өзге мәселелер туралы ой қозғаған басқарма басшысы мемлекеттiк мерекелерге қатысты iс-шаралар да жылдағы жоспарға сай жоғары деңгейде атқарылатынын жеткiздi.

 

Ғабит САПАРБЕКОВ.

Суреттi түсiрген О.Есқұлов.

Сұхбат

PhotoRoom