«Нұрлы жол» вокзалы Дүниежүзі Қазақтарының құрылтайына қатысушыларды қарсы алды

Жаңалықтар
22.06.2017, 23:04

Бүгін «Нұрлы жол» жаңа вокзалында Астанадағы бесінші Дүниежүзі Қазақтарының құрылтайына қатысушыларды салтанатты күтіп алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Baq.kz.

Алматы-Астана - Нұрлы жол бағдарымен келіп тоқтаған арнайы пойызбен Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Иран, Монғолия, Қытай, Германиядан этникалық қазақтар келіп жетті.

«Әр келген сайын Астананың жасарып, жаңғырғанына таңғалумен келемін. Бүгін бізді жаңа заманауи ғажайып вокзалда құшақ жая күтіп алды. Мұнда жолаушылар үшін барлық жағдайлар жасалған екен», - дейді монғолиялық Лашын Әукетайқызы.

«Вокзал қызметкерлері бейінді оқу орындарын бітірген жастар еліміздің түкпір-түкпірінен, көршілес мемлекеттерден келген жолаушыларды лайықты қарсы алуда. Біз елордасына ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесіне келген қонақтарды алғашқы болып қарсы аламыз», - дейді «Нұрлы жол» вокзалы директорының орынбасары Нұрлан Аманжолов.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлім еткендей, құрылтай қонақтары Астанада Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінде, «Қазанат» этноауылында, Ұлттық мұражайда болып, бірқатар мәдени орындарды араламақ.

Бесінші Дүниежүзі Қазақтарының құрылтайына 750 қонақтар мен делегаттар, оның ішінде 39 алыс-жақын шетелдерден 350 адам келеді.

Сұхбат

PhotoRoom