9 АЙДА 7,9 МЛН. ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙ

Жаңалықтар
23.10.2017, 15:01

photo5433969443416942682

Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына 591,3 млрд. теңге инвестиция жұмсалды. Оның ішіндегі 108,4 млрд. теңге мемлекеттік инвестиция.

Бұл туралы Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

«7,9 млн. шаршы метр тұрғын пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,2%-ға артық. Бағдарламаның жылдық жоспарына орай тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 78,2%-ға орындалды. Барлығы 69,9 мың баспана салынды»,-деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, биыл сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 25 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржыға 5 936 пәтердің (311,3 мың шаршы метр) құрылысы басталған. Оның  ішіндегі 2 697 пәтер (150 мың. шаршы метр) биыл пайдалануға берілетін болады. Қазіргі уақытта Атырау мен Жамбыл облыстарында 78 пәтер (4,9 мың шаршы метр) пайдалануға берілді. Қалғаны жоспар бойынша жылдың соңына дейін тапсырылмақ.

«Жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған 60 мың жер учаскесіне, оның ішінде бұдан бұрын берілген 35,8 мың және жаңа 24,8 мың учаскеге инженерлік коммуникация тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жеке тұрғын үй құрылысының пилоттық жобасы  аясында 6 өңірде бірыңғай сәулеттік стильде 1975 үйдің (219,3 мың шаршы метр) құрылысы жүргізіліп жатыр, оның ішінде 362 үй биыл пайдалануға беріледі»,-деді министр.

Жергілікті атқарушы органдардың кредиттік тұрғын үйлер бойынша 8495 пәтер жоспарланған. Іс жүзінде жылдың басынан бері 3731 пәтер (250 мың шаршы метр) пайдалануға берілді және жылдың соңына дейін 4764 пәтер (273,5 мың шаршы метр) тапсырылады. «Байтерек девелопмент» АҚ салып жатқан кредиттік тұрғын үй нысандары бойынша 6570 тұрғын үй салу жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта 4625 пәтер (278,2 мың шаршы метр) пайдалануға берілді және жылдың соңына дейін қосымша 1945 пәтер (111,4 мың шаршы метр) тапсырылатын болады.

«Құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру тетігі биыл 2-ші тоқсаннан бері белсенді жұмыс істей бастады. Бүгінгі күні екінші деңгейдегі банктер құрылыс компанияларының құны 57,2 млрд. теңге болатын 32 жобасын қарап жатыр.  Жалпы  35,1 млрд. теңге сомасындағы 17 жобаға қолдау көрсетілді, оның ішінде: Өңірлік үйлестіруші кеңестер және екінші деңгейдегі банктер 12,2 млрд. теңге сомасындағы 11 жобаны мақұлдады. 22,9 млрд. теңге сомасындағы 6 жобаға шарт жасалды. Қалған 15 жобаны екінші деңгейдегі банктер қарау үстінде»,-деді Жеңіс Қасымбек.

Республиканың 14 өңірінде екінші деңгейдегі банктер халыққа жаңа тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген ипотека беруді бастады. Бүгінгі күні банктер жалпы сомасы 7,0 млрд. теңге болатын 700 өтінішті қабылдап, 6,6 млрд. теңгеге сомасындағы 650 өтінішті мақұлдады.

http://www.mid.gov.kz

Сұхбат

PhotoRoom