2017 жылдың үздік қала әкімдері

Рейтинг
17.01.2018, 17:40

Снимок

Биыл облыс орталықтарын басқаратын қала әкімдеріне үлкен жауапты іс жүктеліп отыр. ҚР Президенті биылғы Жолдауында «Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек» екенін айтты.

Расымен, инвесторлар жайлы, керегі жанынан табылатын озық үлгідегі қалада тұруды армандайды. Қаладағы жағдай, тәртіп осының ішіне кіреді. Шыны керек, еліміздегі көп облыс орталықтарында «Смарт ситидің» жұрнағы аздап байқала бастағанмен, инфрақұрылымы, безенділуі кемшін тартатын шаһарлар жеткілікті.

2018 жылы қала әкімдерінің рейтингін түзген кезде осы критерий бойынша бағалау қосылады.

SAIGEZ.KZ сарапшылары қалалардың емес, қала әкімдерінің рейтингін жасайды.  Кім қаншалықты жұмыс атқарды? Нәтижесі қандай? Атқару бар да, көрсете білу бар. Түсіндіру жұмыстары қай деңгейде атқарылып жүр? Қаладағы тазалық, инфрақұрылым, бақылау, қылмыс деңгейі, туристерге ұсынатын қызметі мен орындар, халықпен байланыс орнату.... Міне, осы критерилер бойынша қала әкімдеріне лайықты бағасы беріледі.

SAIGEZ.KZ порталында бұған дейін рейтинг ай сайын түзіліп отыратын, биылдан бастап бұл формат өзгереді. Өйткені, қала әкімдерінің БАҚ-пен байланысы аз екендігін, республикалық БАҚ-та төбе көрсете бермейтінін ескере отырып, рейтинг әрбір тоқсан сайын жасалатын болды. Демек, 2018 жылдың алғашқы рейтингін осы жылдың сәуірінде жариялаймыз. Ал, бүгінгі материалымызда 2017 жылға шолу жасап, жылдың үздіктерін таңдауды жөн санап отырмыз.

2017 жылы көптеген қаланың әкімі ауысты. Тараз, Өскемен, Орал, Шымкент, Ақтау қаласының мэрлері басқа қызметке кетіп, орындарын су жаңа әкімдер басты. Бірі тең дәрежеде алмастырса, бірі асып түсті, бірі қызметін жоғары деңгейде дөңгелетіп алып кете алмады. Дәстүрге сайы «үздік бестік», «орта бестік» және «аутсайдер бестік» деген бағалаумен 15 қала әкімінің 2017 жылғы көрсеткіштеріне тоқталайық.

ҮЗДІК ҮШТІК

1. Мұрат Рахметұлы Мұқаев, ОРАЛ қаласының әкімі

SONY DSC

Мұрат Рахметұлының қала басқарғанына да жарты жыл өтіпті. Орал қаласының әкімі осы аз уақыт ішінде істі дөңгелетіп, көп жұмыс атқарған әкім ретінде есімізде қалып отыр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Орал қаласында Алаш Орда қозғалысының 100 жылдығына арналып оздырылған «Алаш Орда» қозғалысы: қазақ мемлекеттілігі идеясының дамуына ықпалы» атты ғылыми-тәжірибелк конференция, Орал қаласы әкімдігінің бастауымен «Туған жер» атты ауданаралық өнер фестивалі, Орал қаласының маңында орналасқан 100 сакралды орын тізіміне еңген «Жайық» қалашығы аумағында жиналған зиялы қауым өкілдерін көне тарих және өнермен таныстыру мақсатында «Жайық» қалашығын зерттеу кезінде табылған бұйымдар, қөл өнер шеберлерінің көрмелері өтті. Бұл тек республикалық сипат алған шаралар.

Қала экономикалық тұрғыда да біршама алға қадам жасады. 2017 жылдың 9 айының есебі бойынша қала контингентінен мемлекеттік бюджетке түскені – 64418,4 млн. теңге. Оның ішінде қалалық бюджетке 16404,2 млн.теңге түсім түсті. Ол жалпы салық базасының 25,5% құрайды. 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айына өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 106,9 млрд.теңгені құрады. Яғни нақты көлем индексі 2016 жылмен салыстырғанда 6%-ға өсті.

Қаладағы инфрақұрылым бойынша, 2017 жылы 8,1 млрд. теңге бөлініп, аталған қаражатқа Орал қаласының 67 көшесіндегі 72 шақырым автомобиль жолын жөндеу жоспарланған болатын. Нәтижесінде 67 көшенің 61 көшесі бойынша жұмыстар аяқталды.  Осылайша, қалада бұрын-соңды болмаған жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Ақжайық» шағын ауданы салынады деген де жақсы хабар бар.

«Бітер істің басына жақсы келер» деген тәмсілге сүйенсек, Мұрат Мұқаев бүгінде қала тұрғындарының оң бағасын алып, өзін іскер әкім ретінде көрсете білген басшы. Қаладағы ең өзекті мәселе қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі дейтін болсақ, жаңа әкімнің келуімен бұл жағдай да ретімен шешіліп жатыр. Былтыр 50 көлік, алдағы уақытта тағы жаңадан 80 көлік қала тұрғындары үшін қызмет ететін болады. Тіпті, 2018-2023 жылдарға арналған Орал қаласындағы қоғамдық көліктерді жаңғырту тұжырымдамасы қабылданып, жыл соңына дейін «Оңай» және «СМСBUS» электронды төлемдерін енгізу туралы жұмыс атқарылып жатыр. Өңірлік БАҚ-тарда орнымен сұхбат беріп, қаланың тыныс-тіршілігі жайлы айтып жүр. Тіпті, республикалық басылымдарда да Орал қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды сәтімен көрсетіп келеді. Рейтингте көш бастауына әсер еткен негізгі фактор осылар.

2. Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев, ҚЫЗЫЛОРДА қаласының әкімі

02

Қазіргі облыс орталығын басқарып отырған қала әкімдерінің арасындағы ең тәжірибелісі – Нұрлыбек Нәлібаев. 2017 жыл Қызылорда қаласы үшін олжалы жыл болды. Жаңадан ашылған шағын аудан толықтай керек-жарағымен қамтылып, қаланың ажырамас бір бөлігіне айналды. Өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстардың бірі – қаладағы ауқымды «Керемет» атты сауықтыру орталығының ашылуы. Қаладан кетушілер азайып, келушілер көбейді. Туристер саны анағұрлым артты. Қаладағы апатты жағдайдағы үйлердің саны күрт төмендеді, тіпті жойылуға жақын.

Қаланың тазалығы қашан да бірінші орында. Қала халқының саны артты, қылмыс деңгейі төмендеді. Қоғамдық көліктердің басым бөлігі жаңарды, қаладағы қауіпсіздік жұмыстары артты. Қалада бірнеше шақырым cуқұбыр желісі күрделі жөндеуден өтті. Қаланың сол жағалауындағы құрылыс жұмыстары басталып, алғашқы астана бұрынғы келбетін қайтарып алу жолына түсті.

2017 жылы ең көп құрылыс жұмыстары жүргізілген бір қала болса – ол Қызылорда. Мектеп, бала-бақша, емхана сияқты әлеуметтік нысандар бой көтерді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша бірнеше қабатты тұрғын-үйлер салынды.

3. Бағдат Әбілмәжінұлы Қарасаев, ТАЛДЫҚОРҒАН қаласының әкімі

03

Талдықорған қаласының әкімі өткен жылдың соңында екі орынбасарын алмастырды. Өйткені, көп жұмыс істеу керек, аянбай еңбек ету керек. 2018 жылы Елбасы тапсырған «Смарт сити» стандартын қалыптастыру үшін көп жұмыс атқарылады. Талдықорғанда «ақылды қаланың» алғышарттары дәл қазіргі әкімнің тұсынан басталды деп айтуға болады.

Қала әкімі қаладағы шағын және орта бизнеске көп көңіл бөліп келеді. Талдықорған қаласында 9850 шағын және орта бизнес субъектісі бар екен. Нәтижесінде 26 мың қала тұрғыны жұмыспен қамтылып, қаланың 30 пайызы экономикалық белсенді топқа кіреді деген сөз. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Қала қазынасына салықтан түсетін қаржының 50 пайызын дәл осы шағын және орта бизнес өкілдері құрайды.

Бағдат Қарасаев қаланы үнемі бақылауында ұстайтын, бірнеше бағытта қатар жұмыс атқаратын іскер басшылардың бірі. Ол қоғамдық көлікке мініп қаланың жай-күйін бақылайды, қала тұрғындарының күнделікті кездесетін қиындықтарын тексереді. Инвестиция тартумен де айналысады. 2017 жылы қалада халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі шараларды өткізді. Соның ішінде қалада өткен айтарлықтай маңызды шаралардың бірі - «Taldykorgan Invest – 2017». Қала экономикалық тұрғыда алға басты, инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары ойдағыдай жүзеге асып жатыр.

Бұл рейтингте Алматы мен Астана секілді мегаполистердің (облыспен теңестірілетін қалалар) басшылары есепке алынбайды. Негізінен барлық облыс орталықтарының әкімдері мен Семей секілді алып қаланың басшысын негізге алдық. Қала әкімдерінің жүйелі жұмыстары, ақпараттық белсенділігі, перспективасы және олардың жұмысы туралы негативтер мен оң бағыттағы мақалалар бағалаудың негізгі критериі ретінде қаралды.

P.S. Қала әкімдерінің рейтингі SAIGEZ.KZ сарапшыларымен бірлесіп жасалды. Бағалаудың негізгі критериі қалай болатыны жоғарыда көрсетілген. Қосымша сұрақтарыңыз болса saigezkz@gmail.com электронды адресіне жолдауларыңызды сұраймыз.

Сұхбат

PhotoRoom