МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ КӨБЕЙМЕК

Жаңалықтар
21.09.2018, 17:49

Келесі жылы Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер жалақысын төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі. Бүгінде еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін апробациялап жатыр. Факторлық-баллдық шкала негізіндегі бұл жүйе пилоттық органдардағы лауазымдық жалақыны екі есеге дейін көбейтуге мүмкіндік береді. Пилоттық жоба аяқталысымен, келер жылы Қазақстанның барлық мемлекеттік қызметшілерінің жалақысы арттырылады деп күтілуде. Жалпы бұл жүйе мемлекеттік қызметтің тартымдылығының және бәсекеге қабілеттілігінің, қаржылық мотивацияның артуына, сонымен қатар мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етуге өз септігін тигізеді деп отыр.

Бұдан былай еңбекақы көлемі жұмыс сипатына және күрделілігіне, тиімділіктің нақты көрсеткіштеріне қол жеткізуге тікелей байланысты болады. Әрине, материалдық және әлеуметтік қамсыздандыру сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге ықпал етеді.

Бұл туралы Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облыстық департаментінің өкілдері айтты.

-Елбасымыз мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау, олардың халыққа мінсіз де сапалы қызмет жасау қабілеті мен оның тиімділігін арттыру үшін факторлық-баллдық шкала негізінде еңбекақыларын көтеруді көздеп отыр, - деді Мақсұт Нәлібаев мырза.

Кәсіпкерлердің мүддесі қорғалған ба? Жыл басынан бері бизнес өкілдерінің құзырлы орындарға шағымдануы қай деңгейде? Осы және басқа да мәселелер өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтылды.

- 2018 жылы кәсіпкерлік палатаға 178 өтініш келіп түскен; оның 73-і оң шешімін тауып, яғни кәсіпкерлердің құқықтары қорғалған, ал 59-ы бойынша кеңестер беріліп, қалған өтініштерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр,- деп хабарлайды Қайрат Сыздықов, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары.

Айта кетер болсақ, кәсіпкерлер палатасына түрлі кәсіп иелерінен келіп түскен 178 арыз-шағымның 100-ден астамы Тараз қаласына тиесілі болған. Әрине, орталықтың негізгі басшылыққа алып отырған жұмысы – кәсіпкерлердің заңды мүдделері мен құқығын қорғау.

Сұхбат

PhotoRoom