ЖОЛДАУДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Жаңалықтар
08.10.2018, 11:30

Жамбыл облысы орталығында  мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын түсіндіруге және жүзеге асыру жолдарын талқылауға арналған облыстық актив жиыны болып өтті.

Жиынға облыс әкімі, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері және жастар қатысты. Жиын барысында өңір басшысы Асқар Мырзахметов Жолдаудағы 6 басымдыққа жеке-жеке тоқталып, аймақта атқарылатын жұмыстарды баяндады.  Жолдауда Елбасы әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындардың тиімділігін арттыруға ерекше мән беріп, 5 жыл ішінде білім, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 7,4%-дан 10 пайызына дейін жеткізу туралы міндет қойды. Медициналық қызмет сапасына да ерекше екпін берілді. Бұл ретте Елбасы ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін тапсырды. Аталған істердің алғышарттары аймақта басталып та кетті. Президент  өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуды міндеттеді. Осы мақсатқа орай қаржыландыру көлемі де артып отыр. Мәселен,  жергілікті маңызы бар жолдарға 150 миллиард теңгеге дейін, ауылдық  жерлерді сумен қамтуға 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінді. Ендігі жерде әкімдер осы қаражаттың есебінен өңірлердегі мейлінше өткір проблемаларды шешуге күш жұмылдыруы тиіс. Айта кету керек, бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар өңірде кезең-кезеңмен жүзеге асуда.

-«Облысымыздағы 377 елді мекеннің 181-де бүгінгі таңда магистральды газ құбыры болатын болса, сол газ құбыры бола тұра, 88 мың халық сол газға қолын жеткізе алмай отыр. Оның себебі сол магистральды құбырдан аулаға кіргізу  жұмыстарының құнының қымбаттылығында. Енді осы мәселені шешу үшін біз коммуналды мекемеге арнайы лицензия бердік, ендігі жерде ол жердегі жұмыстың құны екі есеге арзандады, соның арқасында жылдың аяғына дейін сол 88 мың халықтың ішінде 50 мың халықты біз газдандырғалы отырмыз. Сондай-ақ, бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылуын ескере отырып, келесі жылға осы мақсатта жоспарланған 1,2 млрд. теңгені кемінде 2 есеге ұлғайту қажет. Бұл жаңадан ашылатын кәсіпкерлік пен кәсібін кеңейтетін бизнестің үлесін 30%-ға арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бередіШағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Даму» қорымен бірлесе қаражат бөлу принципімен 2018 жылы облыстық бюджеттен 500 млн. теңге, «Даму» қорынан 1 млрд.теңге қарастырылған. Ал, ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1,0 млрд.теңге бөлініп, жалпы сомма 5 млрд.теңгеге жетті. Келесі жылы бұл қаржылардың көлемін барынша көбейтетін боламыз», - деп баяндады Асқар Исабекұлы.

Айта кететін жағдай, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 101 мыңға жуық қызметкер үшін ең төменгі жалақыны 28 284 теңгеден 4 2426 теңгеге дейін өсіру үшін облыстық бюджеттің кірістері мен шығыстары қайта қаралатын болады.

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауындағы міндеттер мен айқын мақсаттар жамбыл жұртшылығының жарқын болашаққа деген сенімін ұялатты.

Сұхбат

PhotoRoom