ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА “ҰЛЫ ДАЛА РУХЫ” АТТЫ ЕРЕКШЕ ФЕСТИВАЛЬ БАСТАЛДЫ

Жаңалықтар
19.10.2018, 21:44

Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ұйымдастыруымен өтіп жатқан бұл шарада Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы аясында Жамбыл облысының тұрғындарына арналған рухани-мәдени іс-шаралар топтамасы ұсынылып, ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен құндылықтарымызды дәріптейтін көрмелер ұйымдастырылды.

Атап айтар болсақ, «Достық үйінің» бірінші қабатында Астанадан арнайы келген иллюстратор-суретші Аңсаған Мұстафаның әлеуметтік тақырыптарға арналған “Сөйле сурет!” деп аталатын графикалық суреттері  қойылды. Аталған шараға жиналған жұртшылыққа насихатшылар тобы «Жамбылдағы - Рухани жаңғыру» атты ақпараттық брошюраларын таратты. «Ақ жол», «Арай», «Знамя труда», газеттері мен «Жамбыл ТВ», «77 ТВ» арнасының ұжымдары тараздықтарға БАҚ тарихынан сыр шертетін жәдігерлерін ұсынды. Өңірге белгілі фотографтар Ақәділ Рысмахан, Алтынбек Қартабай, Виктор Барбаш, Юрий Кимнің жұмыстары да көрме төрінен орын алды.

Сурет көрмесінен кейін фестиваль «Ұлы дала рухы» іс-шарасының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Керемет кеште Ғани Мәтебаев, Жазира Сметова, Ербосын Қасымбек сынды әншілер мен «Алаш ұлы» тобы ән шырқады.

Сонымен қатар,  іс-шара аясында әулиеаталық ақын Нұрлыбек Құманов пен Дархан Әбдіманат жекпе-жек айтысқа түсіп, қағытпа қалжың сөздерімен жұртты ду күлкіге кенелтті. Бұдан бөлек тараздық жас ақындар Жанғазы Ахмет, Нұрболат Жолдасбекұлы, Данияр Әлімқұл жыр сүйер қауымға өлең шумақтарын арнады.

Кеш соңында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли құттықтау сөз сөйлеп, «Ұлы дала рухы» фестиваліне қатысқан барлық телеарна, газет ұжымына, фотографтарға арнайы Алғыс хаттар табыстады.

Берік Уәли, Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Құрметті көрермендер, жерлестер бүгін керемет кешке куә болып отырмыз! Өздеріңіз білесіздер, Жамбыл облысы 8-ші аймақ деп айтылады. Осыған орай, “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасының аясында Жамбыл облысынан 8 азамат осы тізімге енді. Сонымен қатар, “Қазақстанның 100 киелі нысаны” жобасына Әулиеатаның 8 орны киелі жерлер картасына енді.

Айта кетейік,  көрме 3 күнге созылады.

 

Сұхбат

PhotoRoom