ЖАМБЫЛДЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР АЛДЫНДА ЖАҢА МІНДЕТ ТҰР

Жаңалықтар
20.10.2018, 12:07

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында, құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет екенін, ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыспен күресте «алдыңғы шепте» жүретінін, көбіне өз басын қатерге тігіп, азаматтарды қорғайтынын атап атай келе Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырған болатын.

Сондай-ақ, Жолдауда полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру қажет екенін де еске салды. Жолдауда жүктеген міндеттерді орындау үшін жамбылдық полицейлер алдында аса ауқымды жұмыс тұр.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2017 жылғы 4 шілдедегі №69 және Ішкі істер министрлігінің 2017 жылғы 10 шілдедегі №477 «Ішкі істер органдары үшін мобильдік құрылғыларда электрондық форматта әкімшілік өндіріс бойынша пилоттық жобаны жүргізу туралы» бірлескен бұйрығын және Бас прокуратураның 2017 жылғы 13 қазандағы № 117 бұйрығы мен Ішкі істер министрлігінің 2017 жылғы 19 қазандағы № 698 бұйрығын орындау мақсатында 2017 жылдың қазан айынан бастап Жамбыл облысының аумағында «Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі» әкімшілік хаттамасын электрондық толтырудың пилоттық жобасы енгізілді.

Электрондық іс жүргізуге көшудің мақсаты - хаттама толтырылған сәттен бастап және барлық қойылған шектеулерді, төленген айыппұлдарды автоматты түрде алып тастай отырып, әкімшілік іс жүргізу процесін толық автоматтандыру болып табылады.

Қазіргі таңда облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің балансында 175 электрондық планшет және 101 термопринтер бар.

Бүгінде облыс орталығы Тараз қаласына қызмет көрсететін жол-патрульдік полициясының саптық бөлінісіне 135 планшет және 101 термопринтер, ал республикалық маңызы бар автожолдарға қызмет көрсететін жол-патрульдік полиция батальоны үшін қалған 40 планшет берілді. Полиция қызметкерлерін қажетті құрылғылармен қамтамасыз ету алдағы уақытта да жалғаса бермек.

2018 жылдың басынан бастап 7000-нан астам әкімшілік хаттама толтырылып, 9 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Елбасы Жолдауындағы «Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек» деген талабын орындау әрбір қызметкеріміздің жадында жүруін баса назарға алып отырмыз, – дейді облыстық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Уәлихан Сексенбаев.

Биылғы жылы шілдеге дейін Тараз қаласында 206 сырттан бақылау камерасы орнатылса; оның 109-ы көше қиылыстарында, 62-і халық көп шоғырланатын жерлерде, 13-і оқу орындарында, 19-ы «Қауіпсіз аула» бағдарламасымен орнатылған. Сонымен қатар, облыс орталығында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының «Бұлтты бейнебақылау» бағдарламасы аясында жоспарланған 480 камерадан 238 тұрғын үй ғимаратына 476 бейнебақылау камерасы орнатылған. Қылмыстық оқиғаларды дер мезгілінде ашуға және қоршаған ортаға мониторинг жүргізуге көмегі зор бейнебақылау жүйелерін орнату алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Облыс орталығының аумағында аппаратты-бағдарламалық 34 «Автоураган», осынша «Red Speed» станса бекеттері және 3 интеллектуалды жол қозғалысын басқару жүйесі «Интегра-КДД» орнатылған. Бұл жүйелердің барлығы автоматты түрде жұмыс істейді.

Жамбылдық полицейлер Жолдауда жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға белсене кірісіп кеткен. Бұдан бұлай түрлі қылмыстық оқиғалардың алдын алуға, жасалған қылмысты дер кезінде ашуға қолға алынып жатқан тың жобалар да көп септігін тигізеді.

Сұхбат

PhotoRoom