ТӨЛ ТЕҢГЕГЕ – 25 ЖЫЛ

Жаңалықтар
12.11.2018, 11:45

15 қараша - ұлттық валюта күні. Биыл елдігіміздің белгісі, мемлекетіміздің мерейі болған  төл -теңгенің қолданысқа енгеніне 25 жыл. 1993 жылдың қарашасында теңгенің айналысқа шығарылуы біздің жас тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі.  Ең алдымен еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолындағы түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін қажетті тарихи қадам болды.

Төл теңгеміз пайда болғалы жүргізіліп келе жатқан қаржылық саясаттың арқасында елімізде нарықтық институттар макроэкономикалық тұрғыдан тұрақталып, біртіндеп қалыптаса бастады. Ал, бүгін еліміздің қаржы жүйесі қызметкерлерінің мерекесі күніне орай  Жамбыл өңіріндегі Ұлттық банк филиалы мерекені сән-салтанатымен атап өтті.

Теңге ресми түрде айналымға  1993 жылы 15 қарашада енгізілді. Ең бірінші бағамы 1 АҚШ долларына 4,75 теңге болды. Әр теңге 500 рубльге ауыстырылды. Ұлттық валютаны енгізуде қазақ тарихында киелі Әулиеата жері ерекше орын алады. Ұлыбританияның  «Хариссон» компаниясында басып шығарылған еліміздің төл теңгесі  алғаш  бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласына ұшақпен жеткізілген. Содан кейін ғана еліміздің өзге аймақтарына тараған. 25 жыл ішінде теңге бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Қазіргі таңда қолданыста 200 теңгеден басталған қағаз ақшаның 7 түрі бар. Мамандардың айтуынша, ұлттық теңгенің пайда болуы ел экономикасын дамытуға айрықша септігін тигізді.

Евгений Шарыгин, ҚР Ұлттық банктің Жамбыл облыстық филиалының директоры:

"Ең басында Валютаның атауына байланысты түрлі нұсқалар қарастырылды. Кейін теңгеге болып бекітілді.. Ұлттық валютаны шығару туралы шешім де, теңгенің дүниеге келуі де оңай болған жоқ. Ол кезде егемендікті енді ғана алған жас мемлекеттің қаржы жүйесі құрылып бітпеген болатын. Сондықтан Ұлыбританияда жасалынып, елімізге ұшақпен жеткізіліп, өңірлерге пойыздармен тасымалданатын. Міне бүгін төл теңгемңз 25 жасқа толып жатыр. Қаржы саласының мамандарын мерекелерімен құттықтаймын"

Кәсіби мерекеге екінші деңгейлі банктердің басшылары мен аймақтағы қаржы саласының ардагерлері шақырылды. Олардың басым бөлігі қаржы қызметінде 30 жылдан астам қызмет еткен. Жиында  қаржыгерлерді  Жамбыл облысы әкімінің орынбасары  Бекболат Орынбеков, «Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі және кәсіби мереке-ұлттық валюта күніне орай» өңір басшысы Асқар Мырзахметовтың құрмет грамотасы мен арнайы жасалған монеталарды табыстады.

 

 

Қаржы жүйесінің ардагері Айдайбек Қалымбетов алғаш теңгеміз шығарылған уақытты былай есіне алады: «Кез келген мемлекеттің өмірінде бір-ақ рет болатын жағдай. Бізде 1993 жылы енгізілді теңгеміз. Ол кезде мен осы Жамбыл облысының Ұлттық банк филиалының басшысы едім. Осы өз валютамызды енгізу, оны ұйымдастыру жұмыстарына қатысып, басы-қасында жүрдік.

 

Әрине, ол кезеңдер өте қиын өтпелі уақыт еді еліміз үшін. Рубль құнсызданып, проблемалар көбейіп, экономикалық жағдайлар қиын болып жатқан кездерде біздің мемлекет, Елбасы ұлттық теңгемізді ендіруге мәжбүр болған еді. Қазір міне, Құдайға шүкір, экономикамыз да теңгеміз де нығайды, басқа елдермен тереземіз тең болды».

 

 

Ал, облыстағы қаржы саласының ардагері Меделбай Қатаев сол жылдар жайлы: «Елдер тапқан табысын ала алмай, біз бере алмай, теңге болмай, қиыншылықты бастан өткерген заман еді. Халықтың, елдің дамуында осы 25 жылда төл теңгеміздің атқарар рөлі зор болды деп ойлаймын» дейді.

 

 

«Теңге» атауы ортағасырлық түркі күміс тиындары «денге» немесе «таньга» сөзінен шыққан. Бүгінде  теңге жоғары сапаға ие, оның жалған көшірмесін жасау заңмен қудаланады. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде төл теңгеміз халықаралық нарықта орын алып үлгерді.  Ал шетелдік сарапшылар теңге белгісін Орталық Азиядағы тұрақты валюталардың қатарында екенін атап өтті. Ұлттық ақша 25 жыл ішінде түрлі ахуалдарды бастан өткеріп, нарықта өзіндік орынын қалыптатырып келеді.

 

 

Сұхбат

PhotoRoom