Жамбыл Ахметбеков, Мәжіліс депутаты: «Биыл 10 депутаттық сауал жолдаппын»

Сұхбат
30.06.2014, 21:30

 

Жамбыл мырза, демалысқа кетіп барасыздар. Үшінші сессия несімен ерекшеленді?

Биылғы сессия бұрынғы сессияларда өзгеше болды деп айта алмаймын. Биылғы жұмысында да мемлекетіміз үшін қажетті заңдарды қарап қабылдадық деп есептеймін. Қоғамдағы өзгерістерге сәйкес заңдарымызды да жетілдіріп отыруымыз қажет. Сондықтан заң шығару процесі тоқтаусыз жүріп жатқан процесс. Көптеген заңдарға өзгерістер енгізілсе, бірқатар заңдарды жаңадан қабылдауға қажеттілігі туады. Парламенттегі заң шығару процестеріне «Халық коммунистері» фракциясының мүшелері коммунист-депутаттар биыл да белсенді түрде қатысып, өз ұсыныстарын беріп отырды.

Биылғы сессияда қабылданған заңдардың ішіндегі сіз үшін маңыздысы қайсы болды?

Жалпы депутаттардың қарауына келіп түсіп жатқан заң жобаларын мен маңызды немесе маңызы азырақ деп бөлуге қарсымын. Заңдардың бәрі маңызды. Парламент қабылдаған әрбір заңның атқарар жүгі бар. Ал мемлекет үшін жедел қабылдануы қажет заң жобаларын Президент өз құзырымен жедел қаралады деп жариялай алады, ондай жағдайда ол заң жобасы заңнамада белгіленген мерзімде жедел қаралады.

Бірнеше депутаттық сауал жолдадыңыз. Қаншалықты қанағаттандырылды?

Осы сессияда менің жеке өзім республикалық мемлекеттік органдардың басшыларына 10 депутаттық сауал жолдаппын. Олардың барлығы да шешімін таппай жатқан мәселелерге арналды. Қаралған депутаттық сауалдарға берген жауаптарға қанағаттандым деп те айта алмаймын, бірақ депутаттық сауал арнау арқылы мәселені жария талқылауға мүмкіндік туады, сол белгілі бір дәрежеде қоғамдық пікір туындайды. Жалпы депутаттық сауал - ол депутаттың негізгі құралының бірі. Сондықтан біз маңызды деп есептеген мәселелердің шешімін табуы үшін бұл мүмкіндікті пайдаланатын боламыз.

Әңгімеңізге рақмет!

saigez-ақпарат

 

Сұхбат

PhotoRoom