Қала аумағындағы ретсіз сауданы жою жұмыстары енді велосипедтің көмегімен жүзеге асады. Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлері заңсыз сауда иелеріне жүйелі түрде ескертулер беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін велосипедке отырып, рейдтік шара ұйымдастырды, -деп жазады shymkala.kz.
Велосипедтің біріне отырған аудан әкімінің орынбасары Серік Нұрманов өзі жетекшілік етіп, Қазыбек би көшесінің бойында жарнама тақтайшаларын бей-берекет орналастырған дүңгіршек иелеріне ескерту жасады.
– Кәсіпкер азаматтардың демеушілігі есебінен әзірге 4 дана велосипед алынып отыр. Алдағы уақытта қызметкерлеріміз арнайы киімде заңсыз сауда иелеріне күнделікті тиісті ескертулер беріп отырмақ. Жасалған жұмыстар өз нәтижесін де беруде. Өткен жылы аудан аумағында заңсыз жұмыс жасап келген 87 дүңгіршек жойылған болса, биыл тағы 32 дүңгіршек анықталып отыр. Жыл басынан бері оның 16-сы жұмысын тоқтатты, – дейді С. Нұрманов.
Айта кетейік, аудан әкімдігі қызметкерлері тарапынан биыл жалпы саны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Заңнамасының 204-бабымен, яғни, рұқсат етілмеген орындарда сауда жасау бойынша 413, 505-бабы, яғни, қаланың абаттандыру ережелерін бұзу бойынша 220 азаматқа хаттама толтырылған.