Шымкенттегі апатты жағдайдағы үйлер жаңартылды

Аймақ
21.04.2016, 11:42

Шымкент қаласындағы Төлеби көшесінде орналасқан №15 тұрғын үй сейсмонығайтудан өтіп, тұрғындардың пайдалануына берілді. Бұл жұмыстар «Қазақстан Республикасының сейсмоқауіпті өңірлерінде орналасқан тұрғын үйлердің сейсмотұрақтылығын қолдауға бағытталған іс-шаралар» бюджеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Апатты үйді қалыпқа келтіру үшін 112 млн 594 мың теңге бөлінген,-деп жазады shymkala.kz.

Үшқабатты үй қабырғасының қаланғанына биыл 59 жыл болыпты. Осыған дейін ешбір жөндеу көрмей, апатты үй саналып келді. Алайда, өткен жылдың қазан айынан басталған сейсмикалық нығайту жұмыстары биыл ақпан айының соңында аяқталып, үй тұрғындары жөндеуден өткен баспаналарына қайта көшіп келді. Осы жатақханада Мәдина Сейітбекованың тұрғанына бес жыл болыпты. Оның айтуынша, ғимарат жөндеуден өткенге дейін өте лас, қабырғалары қақырап тұрған.

– Бұл үйдің бірінші қабатында коммерциялық нысандар орналасқан. Ал қалған екі қабатында 40 отбасы тұрады. Бұрын үйдің жағдайы өте нашар болатын. Оған қоса, орталықтандырылған жылу жүйесі жоқ еді. Әр қабатта бір ғана әжетханадан болса, жуынатын бөлме тіпті болмаған. Мердігерлер әр бөлменің қабырғаларын сылап, есік-терезелерін ауыстырып берді. Үйге кіреберіс есігімізді де орнатып берді. Бірақ үшінші қабаттағы су құбыры жарылып, екінші қабатқа өтті. Кей жерлерде қабырғалар аздап жарылып тұр, – дейді М.Сейітбекова. 
Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген «Нүрі-Л Төлеби» ЖШС-і директорының орынбасары Нағашыбек Анарбеков алдағы уақытта құрылыс барысында кеткен бірқатар кемшіліктерді ретке келтіреміз деп отыр. 

– Біз сылау жұмыстарын қыста жүргіздік. Күн жылыған соң, жасайық деген ұсынысымызға тұрғындар қарсы болды. Олар жөндеу жұмыстарының ертерек аяқталып, өз баспаналарына көшіп келуді қалады. Ал құбырлардан аққан суға келер болсақ, жатақхана тұрғындары өз бөлмелеріне су тартпақ болған. Осының салдарынан құбырлардан су кетіп, біраз әбігерге түстік, – дейді директордың орынбасары. 
Сейсмонығайту жұмыстары кезінде жатақхана тұрғындары өзге жерге көшірілген. Бұл ретте мердігер мекеме әр отбасыға пәтер жалдап тұру үшін тиісті қаражат бөлген. Қазір тұрғындардың бөлмелерінің іші, дәліздері жөнделіп, ауласы ретке келтірілді. Үйдің сырты да сыланып, боялған. Құбырлары, кәріз жүйелері мен электр сымдары жаңартылған.

Сұхбат

PhotoRoom