Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Шымкенттегі«Азала текстиль» ЖШС-да болды.
Елбасыға нысанда өңірдегі индустриялық даму бағдарламасының, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы инвестициялық бағдарламаның жүзеге асырылу барысы мен жеңіл өнеркәсіп нысандары қызметінің негізгі көрсеткіштері туралы баяндалды.
Қазақстан Президенті фабрика жұмысымен және онда шығарылатын негізгі өнім түрлерімен танысты.
Кәсіпорын еңбеккерлерімен әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев оларға жемісті жұмыс, кәсіби жетістіктер тіледі. Мемлекет басшысы өз өндірісін дамытып, импорттық тауарлар орнын алмастыру – Қазақстанның экономикалық саясатының маңызды міндетінің бірі екеніне назар аударды.
«Азала текстиль» жобасы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2012-2014 жылдары жүзеге асырылды. Фабрика дайын өнім шығарудың шикі мақта өсіруден матаға дейінгі жабық циклін жүзеге асырып, 600-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Өндірістің жылдық қуаттылығы 2824 тонна иірілген жіп, 13 млн. шаршы метр мата, 2 млн. төсек-орын тыстары жиынтығы (комплект) мен 7 млн. түкті өнімдер шығаруға жетеді.
Айта кету керек, бүгінгі таңда облыста өсірілген шитті мақтаның 35 пайызы жергілікті тігін фабрикаларымен өңделеді.
Өндіріс орындарын шикізатпен тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатында өңірде мақта алқаптарын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы 99 мың гектар жерге «ақ алтын» егілсе, биыл оның көлемін 110,6 мың гектарға ұлғайту көзделуде. Нәтижесінде, мақта түсімі 300 мың тоннаға жетеді деп күтілуде.