Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкенттегі іс-сапары аясында Отандық медицина саласына маманданған медицина өнімдерін өндірумен айналысатын «Химфарм» АҚ-нда болды. Зауыт жұмысшыларымен кездескен Мемлекет басшысы кәсіпорын жұмысшыларына табыс тілеп, өнім көлемін арттыра түсуді тапсырды.
Айта кетерлігі, еліміздегі фармацевтика саласындағы ірі кәсіпорын саналатын және отандық мемлекеттік сатып алу нарығындағы үлесі 45 пайызын құрайтын «Химфарм» АҚ «Polpharma» компаниялар тобының құрамында және қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындар арасында алғаш болып залалсыздандырылған өндіріске GMP-стандарттарының сертификатын алған мекеме,-деп хабарлайды shymkent.gov.kz.
Мұнда бүгінде «SANTO Member of Polpharma group» сауда белгісімен дәрілік препараттар мен спирт ерітінділерінің 200-ден астам түрі өндіріледі. Кәсіпорынның өндірістік қуаты 1,2 млрд. таблетка, капсула және түйірлер, 300 млн. ампула, 6 млн. инфузия, 40 млн. антибиотик құтылары және 26 млн. дана шәрбат құтыларын шығаруға жетеді. Осы өнімдердің бір жылдағы жалпы құны 16,5 млрд. теңгені құрайды. Отандық дәрілік препараттар Ресей, Монғолия, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан елдеріне экспортталуда.
Алдағы жұмыс жоспарына сай өз өнімдерін Өзбекстан нарығына шығуды көздеп отырғандығын жеткізген кәсіпорын басшылығы қазіргі таңда екіжақты келіссөздер жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті. Қуантарлығы, республикадағы тегін медициналық көмек аясында сатып алынатын дәрілік заттардың үштен бірін осы «Химфрам» АҚ-ы қамтамасыз етеді. Күнгейдегі фармацевтикалық кластер құру жұмыстарының нәтижесінде елдегі отандық дәрі-дәрмектің жартысына жуығы осы Шымқаладағы «Химфарм» АҚ-да өндіріледі.