«Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» бағдарламасының жеңілдіктерінің шарапатын шымкенттік кәсіпкерлер де көріп отыр. «Шымкентмай» ЖШС-і мемлекеттен тиген қаражатқа озық қондырғылар сатып алған. Қазір өнім көлемі мен тауар түрлерін арттырудың мол мүмкіндігі туды. Кәсіпорын тазартылған өсімдік майын шығаруда жетекші компания. Еуропадан жеткізілген жабдық күнбағыс, мақсары және мақта шитін үздіксіз өңдеу арқылы өте сапалы өсімдік майын алады. Шикізат бір цехта бес түрлі тазалаудан өтеді. Технология автоматты түрде басқарылады.
Күләйхан Шалқарова, цех басшысы; Бұрынғы технологиямызда майдың құрамы өте жақсы болатын. Бірақ тұтынушыға жеткенше бөлініп істелгендіктен, аз ғана болса да, өзгеріс болатын. Ал мына бүгінгі қосылған технология сол кемшіліктердің барлығын жоғалтып, тұтынушыға қай қалпында шықса, май сол қалпында қолына жеткізіліп отырады.
Зауыт жылына 30 мың тоннадай өсімдік майын өндіреді. Соның үштен бірі әбден тазаланып, құтыға құйылып, тұтынушыға жеткізілетін. Жаңа цехта шикізат тереңдетіп өңделеді,-депхабарлайды shymkenttv.kz.
Данияр Адырбеков, «Шымкентмай» ЖШС-нің директоры; Біз енді бұрын шығармаған бірнеше өнім түрін нарыққа ұсынатын мүмкіндігіміз бар. Маргарин, кондитерлік және кулинарлық май шығаратын боламыз. Ал, біз солардың көбін шетелден алып келіп жүрміз.
Жаңа жабдық, озық технологияның арқасында отандық өнімнің сапасы әлдеқайда жақсаратын болады. Одан басқа, өндіріске жұмсалатын қуаттың шығыны мен тауардың өзіндік құны да 10 пайызға арзандайды.
Болат Жәмішев, «Қазақстан даму банкі» АҚ-ның басқарма төрағасы; Тамақ өнеркәсібі – елімізде де, әлемде де қарқынды дамып келе жатқан сала. Сондықтан өнімнің сапасын көтеруге бағытталған шараның міндетті түрде қайтарымы болады. Бәсекеде ұтылып қалмайтын жолды қарастыру керек...
Өнімінің негізгі бөлігін ел ішінде саудалайтын кәсіпорында қазір 800-дей адам жұмыс істейді. Ал, жарты өнімін Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Араб елдері мен Эстонияға жібереді.