Алтыншы шақырылған Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс екінші сессиясы өтіп, бірқатар мәселелер талқыланды. Жиынға қала әкімі Ғабидола Әбдірахымов та қатысты. Күн тәртібінде «2016-2018 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу мәселесі және қала әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның, жастарды үйлестіру кеңесінің дербес құрамы және діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңестің құрамына өзгеріс енгізу туралы мәселесі де қаралды.
Алдымен қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова бюджетке енгізіліп жатқан өзгерістерді баяндады. Нақтылау жобаларының бәрі де тұрақты комиссияларда талқыланған.
Гүлжан Мамытқызының айтуынша, 2016 жылғы Шымкент қаласының бюджеті 25 пайызға ұлғайып отыр. Яғни, қала бюджеті 103 млрд 900 млн теңгені құрады. Оның ішінде республикалық бюджеттен 29 млрд 602 млн, облыстық бюджеттен 24 млрд 938 млн теңге қаралған. Ал қала бюджетінің кірістері 49 млрд 359 488 теңгеге жетті
2016 жылға республикалық бюджет және ҚР ұлттық қор трансферттерден 11 млрд 288 735 мың теңге түзету есебінен енгізілген болатын. Оның ішінде ағымдағы трансферттен 2 млрд 85 307 мың теңге, даму трансферттерінен 9 млрд 203 млн 428 мың теңге қаралып отыр. Атап айтқанда, «Тұран» шағын ауданының инженерлік-коммуникациялық жұмыстары мен тұрғын-үй құрылыстарына бағытталмақ,-деп жазады shymkent.gov.kz.
Ұсынылған жобаларды депутаттар бірауыздан қолдады. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та бюджеттің 25 пайызға ұлғайғаны маңызды шешім екенін атап өтті.