Елбасының қатысумен өткен телекөпір барысында іске қосылған «Әлем БТ» фабрикасының шығарып жатқан өнімдеріне бүгінде сұраныс артқан. Шымкенттегі кәсіпорын жылына 16 млн. дана шұлық өнімін шығаруға қауқарлы. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде облыстың экономикасына 2 млрд. теңге көлемінде инвестициялар тартылған. Қазіргі таңда, дайын өнімдерді Шығыс Еуропа, АҚШ, Ресей, Кореяға жеткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан компания аз уақыттың ішінде 200 мыңнан астам жұп шұлық бұйымдарын шығарып үлгерген. Jintex Global корейлік компаниясымен бірлесе жүзеге асырылған бұл жобаны, аталған компания сүйемелдеп, дайын тауарды тұтынушыға жеткізуге мүдделі. Кәсіпорын толық жобалық қуаттылғына шыққан сәттен бастап 400 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.