Бүгін Шымкентте 9 мамыр Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай "Мәңгілік даңқ" шеруі өтті. Қажымұхан атындағы орталық стадион маңынан басталып, "Даңқ" мемориалына дейін жалғасын тапқан шеруге 1 мыңнан аса азамат қатысты. Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің ерлігін еске алған жастар майдангерлерге құрмет көрсетуде. Олардың барлығы қолдарына
соғыс ардагерлерінің есімдері мен суреттері бейнеленген тақтайшаларды алып, сап түзеді. Биылғы бір ерекшелік — арнайы футболкалар киіп алған отбасылар болды. Онда Ұлы Отан соғысына қатысушылардың ұрпақтары өз ата-бабасының аты-жөндерін жазып алған. Шерушілерді қарсы алған облыс әкімі жиналған көпшіліктің алдында құттықтау сөз сөйледі. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне ерліктері үшін алғыс білдірген өңір басшысы алдағы уақытта ешқандай соғыстың болмауын тілеп, қарт жауынгерлерге өскелең ұрпақтың алғысын жеткізді.