Шымкентте 7 мыңнан астам сауда дүкендері жұмыс жасайды

Аймақ
12.05.2016, 01:00

Шымкент қаласы аумағында 7 213 сауда дүкендері, 948 қоғамдық тамақтандыру орындары, 1 178 халыққа қызмет көрсету орындары мен 33 базар жұмыс жасайды. Аталған сауда нысандарында 30 370 адам жұмыспен қамтылған.

2016 жылдың қаңтар-наурыз айларында қалада бөлшек сауда көлемі 57,8 млрд. теңгені құрап, 1,2% пайызға, ал көтерме сауда көлемі 86,1 млрд. теңгені құрап, 22,0% -ға төмендеген.

Шымкент қаласында бірінші қажетті, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына және жанар-жағармай бағасының негізсіз көтерілуіне жол бермеу мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен арнайы штаб және қала әкімінің өкімімен 4 жұмысшы топ құрылып, іс-шара жоспары бекітілді. Бұдан бөлек, жедел телефон желісі құрылып (Call centre), тиісті мамандар бекітіліп, бағаның өсуі бойынша түскен ақпаратқа мобильді топпен жедел түрде тиісті шаралар қабылдануда.

Жұмысшы топ мүшелері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының және жанар-жағармай өнімдерінің бағасына күнделікті мониторинг жұмыстарын жүргізуде.

Бірінші қажетті, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, қала тұрғындарын тұрақты түрде азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету және делдалдық қызметті шектеу мақсатында әр аптаның сенбі күні «Қажымұхан» атындағы орталық стадион аумағында және жексенбі күндері 4 аудан аумағында жергілікті тауар өндіруші кәсіпорындардың, көтерме фирмалардың және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын Төлеби, Сайрам, Ордабасы және Түлкібас аудандарының шаруа қожалықтарының қатысуымен тұрақты түрде жәрмеңкелер ұйымдастырылуда.

Нан өнімдерін бағасын тұрақтандыру мақсатында, ОҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы, Шымкент қаласының әкімдігі, «Tұрар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және 40 наубайхана иелері арасында түзілген төрт жақты келісімге сәйкес, І сұрыпты ұнның қапшығы /56 кг/ 2800 теңгеден босатылып, қалыпты бөлке нан сауда нүктелеріне 37 теңгеден жеткізілуде.

Қала аумағында базарларды құрылыс нормалары және ережелеріне сәйкестендіру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, 10 базар басшыларымен өзара келісім жасалынып, «Бекжан» базарын қайта құрылымдау жұмыстары толық аяқталды «Шымкент Тұлпар» базарының қайта құрылымдау жұмысының бірінші кезеңі аяқталып, «Көктем», «Айна» базарларында қайта құру жұмыстары басталған. Одан бөлек, 6 базарда құрылыс жобалау жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, қала аумағында белгіленген жерлерден тыс сауда орындарын жою мақсатында 4 жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында заң талаптарын орындамаған азаматтарға қатысты аудандық полиция бөлімдерімен 1 350 әкімшілік хаттамалар толтырылып, жергілікті бюджетке 779,5 мың теңге көлемінде айыппұл өндірілді.

Сұхбат

PhotoRoom