Қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың тапсырмасымен Шымкентте заңсыз сауда орындарын жою жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Осы мақсатта Әл-Фараби ауданы әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ рейд өткізді,- деп жазады shymkala.kz.
Рейд барысында Володарский көшесіндегі 2 дүңгіршек анықталып, алынып тасталды.
Әл-Фараби ауданы әкімдігі бүгінге дейін 23 заңсыз дүңгіршекті жойған. Оның 12-не хаттама толтырылып, 7-не ескерту беріп, 5-не айыппұл салыпты. Сондай-ақ, рейд жұмыстарының нәтижесінде 16 иесіз дүңгіршек анықталып отыр.
– Басты мақсат – заңсыз сауда орындарын болдырмау. Қала тұрғындарына кедергі келтіретін орын қалыптастырмау, қала көркін бұзбау. Жалпы аудан аумағындағы жол бойындағы, жүргінші жолдарындағы заңсыз дүңгіршек толығымен жойылады, – дейді Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Серік Нұрманов.
Рейдте жұмысшы топ азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ҚР Әкімшілік кодексі бойынша айыппұл салынатынын ескертті.