Әкімдіктің кеңейтілген жиынында Шымкентті үшінші мегаполиске айналдыру үшін әлі де жүйелі жұмыстар жүргізілу керек екендігін айтқан шаһар басшысы аудан әкімдері мен құрылымдық бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді. Қаладағы тазалық, ретсіз сауда, заңсыз құрылыс, құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша әлі де шешімін таппаған бірқатар проблемаларды тізбектеп, нәтижелі жұмыс көрсетулерін талап етті. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды барша қала тұрғындарымен бірдей тең дәрежеде өмір сүруіне ыңғайлы орта қалыптастыру мақсатында шаһар аумағында пандустар орнату қажеттігін ескертті.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылы қала бюджеті 83 миллиард теңгеден 105 миллиард теңгеге ұлғаюы қаладағы көптеген мәселелердің дұрыс шешімін табуына ықпал етуде. Қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы мүмкіндігі шектеулі азаматтар жиі жүретін саябақтар, көше бойлары, жаяу жүргіншілер жолы және білім беру, денсаулық сақтау мекемелері, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен әлеуметтік нысандарға әкімдік тарапынан зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізіп, талапқа сай емес пандустарды қайта жаңарту, ал пандустары жоқ мекемелер алдына жаңа пандустар орнату жөнінде тапсырмалар жүктеді. Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік нысандардың қызметіне деген қолжетімділігін арттыру болып табылады. Жоғарыда аталған тапсырмалар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.