Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымов қала аумағында жол-көлік қозғалысын реттеуге байланысты шұғыл жиын өткізді. «Қызылжар» шағынауданында жүргізуші 9 адамды қағып кетіп, салдарынан бір жас баланың өмірі қиылған еді. Жағдайды шұғыл реттеуге арналған жиынға құқық қорғау органы өкілдері, қала бөлімдерінің және көлік компанияларының басшылары қатысты.
Қала әкімі ауруханаға барып зардап шеккен балалардың жағдайымен танысқанын, бұл мәселені тезірек шешу керектігін нықтап айтты.
– Қалада тұрғындардың, балалар мен қонақтардың қауіпсіздігін сақтау қашан күшейеді? Жағдайды өзгерту үшін тағы қанша адам өлуі керек? Тротуарлардың бойында заңсыз орналасқан сауда дүңгіршіктерін алу жұмыстарын ширатыңыздар. Мұндай апатты жағдайлардың басты себебі – жүргізушілердің мәдениетсіздігі, жолдар мен тротуарлардағы жол қозғалысы ережесінің дұрыс сақталмауында, – деді қала әкімі.
Өткен жылдың төрт айында Шымкентте 440 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның салдарынан 16 адам қайтыс болған. Биыл дәл осындай кезеңде 321 оқиға тіркеліп, оның салдарынан 21 адам ажал құшты. Ал автокөлік жүргізушілерінің жауапсыздығы кесірінен 12 бала көз жұмған.
Қала әкімі құзырлы орган басшыларына жағдайды зерделеп, бақылауға алу қажеттігін нықтап айтты. Жасөспірімдердің қауіпсіздігі үшін қала әкімінің орынбасары Қ. Нұртайға мектеп оқушыларын тасымалдауға арнайы автобустар жүргізу керектігін тапсырса, жер қатынастыры бөлімінің басшысы Қ. Сайлауов пен сәулет және қала құрылысы бөлімінің міндетін атқарушы Б. Кенжеқұловқа талапқа сай емес ретсіз сауда орындарын көшіру жұмысын жүйелеу керектігін айтты.
– Құқық бұзушылардың ешқайсысына да аяушылық болмайды. Көлік айдай алмайтын болсаң, жаяу жүр. Көлік жүргізу құқығын беретін ережелерді қайта тексеру, емтиханды қатаңдатылуына назар аударыңыздар. Көлік айдай алмайтындарға куәлік бергендер де апатты жағдайға кінәлі. Алда жаз мезгілі келе жатыр. Яғни, балалар қауіпсіздігін күшейту басты назарда тұр, – деді Ғ. Әбдірахымов.
Ғабидолла Рахматоллаұлы алдағы сессияда жол-көлік оқиғаларының алдын-алуға арналған жұмыстарға қосымша қаражат қарастыру мәселесін көтеру және оқиғадан зардап шеккен отбасыға материалдық көмек көрсетуді тапсырды.