Шымкентте «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 7 мектептің құрылысы жүруде

Рейтинг
12.06.2016, 15:08

Шымкент қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Осы құрылыс нысандарын бақылау мақсатында «Нұр Отан» партиясы тарапынан комиссия құрылып, қаладағы бірнеше нысандарды аралауда. Бұл жолы комиссия құрамы «Сәуле» шағынауданында жаңадан салынып жатқан №76 мектепке барды.

Мектеп құрылысының ертерек аяқталып, пайдалануға берілуін жергілікті халық күтіп отыр. Өйткені, бұл шағынаудандағы ескі мектепте оқушылар үш ауысымда оқиды. Мердігер мекеме «АРТ-Құрылыс» ЖШС-і мектеп іргетасының орнын қазу жұмыстары өткен жылдың қараша айында бастаған. Бүгінгі таңда іргетасы қаланып, қабырғалары тұрғызылып жатыр. «АРТ-Құрылыс» мекемесінің директоры Бекжігіт Төлендиевтің айтуынша, қазір қыш қалау жұмыстары қарқынды түрде жүруде. Алдағы уақытта ай сайын мектептің әр қабаты бой көтермек.

– Мектеп үш қабатты, бес корпустан тұрады. 1200 оқушы білім алмақ. Онда акт залы, асханасы және жабдықталған сынып бөлмелері болады. Құрылыс нысанының құны – 1 миллиард 444 миллион теңге. Құрылыс басында 100 адам жұмыс істеп жатыр. Техникамыз да жеткілікті. Мектеп құрылысы келесі жылы аяқталады, – дейді Б.Төлендиев.

Биыл құрылыс үшін  844 миллион теңге бөлініп, оның 284 миллион теңгесі игеріліпті. Қалалық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Ғани Ахметбаев партиялық бақылау комиссиясы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысандарда бірқатар кемшіліктерді анықтағанын айтты.

– Комиссияның мақсаты – Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен салынып жатқан құрылыс қарқынын бақылау. Біз тексерген нысандарда біраз кемшіліктер анықталды. Мәселен, «Сайрам» шағынауданындағы және Тассай елді мекеніндегі қос мектептердің бірінде ауыз сумен қамту нашар болса, екіншісінде жылу жүйесін көмірмен жылытпақ екен. «Сәуледегі» №76 мектепте әзірге кемшіліктер жоқ. Барлық жұмыстар өз ретімен жүзеге асуда. Ең бастысы жұмыс кестесіне сай еңбек етуде, – дейді комиссия төрағасы Ғ.Ахметбаев.

Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша, қазіргі таңда 21 құрылыс нысаны жоспарланған. Бүгінде 11 нысанның құрылыс жұмыстары жүруде. Оның ішінде мектеп құрылыстарынан бөлек, Тассай елді мекеніндегі индустриялық инфрақұрылымдық құрылыс жұмыстары кестеге сай атқыралуда. Қазір онда 11 трансформатор қойылып, 2,7 шақырым жолдың 2,7 шақырымына асфальт төселген. Су кәріздерінің 90 пайызы, газ құбырларының 90 пайызы және электр желілерін тарту

жұмыстарының 80 пайызы орындалған. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы тұрғын үй алабының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдық құрылыс жұмыстарының екінші кезеңі басталды. Сонымен қатар, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы 9 қабатты жатақхана ғимаратының орны нығыздалып, іргетасы құйылуда. Ал «Асар» шағынауданында салынып жатқан 5 қабатты 36 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Қазір онда жұмысшылар нысанның іші-сыртын сылауда,-деп жазады shymkala.kz.

Сұхбат

PhotoRoom