Жамбылда 3500 жас тұрақты жұмысқа орналасқан

Аймақ
18.06.2016, 00:14

1466078252_sam_0700Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Құралбаев Еркебұлан мәлім етті.

Оның айтуынша, жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтарына өтініш білдірген 5345 адамның 3447-і тұрақты жұмысқа орналасқан.  Ал 701 азамат жергілікті бюджет есебінен ұйымдастырылатын ақылы қоғамдық жұмыстарға, 757-і жастар практикасына және 21 жас кәсіби оқытуға жолданған. Сонымен қатар,  1643 түлекті жастар практикасына жолдау мақсатында бюджеттен 371,6 млн.теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Жалпы облыста жыл басынан бері 1078 түлек жастар практикасына жолданып,  46 түлек тұрақты жұмысмен қамтылған.   Жастарды жұмыспен қамту басты мәселе екенін айтқан басқарма басшысы  оларды жұмысқа тарту, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру үшін  «Жасыл Ел» мен студенттік құрылыс еңбек жасақтарының жұмысын үйлестіруге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 3 млн. теңге қарастырылғанын жеткізді.

«Жергілікті бюджет есебінен студент жастарды уақытша жұмысқа тарту мақсатында Тараз қаласы мен аудандарда еңбек жасағындағы  800 жасты уақытша 2 айлық жұмыспен қамтуға 18 млн. 812 мың теңге қарастырылып, жергілікті жерлерде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ал, 8 жасақтан құралған 107 жауынгер Тараз қаласы мен аудандарда 8 нысанға жұмылдырылып жұмыстарын жасауда»,- деді Е.Құралбаев.

Баспасөз мәслихатында спикер «Дипломмен ауылға» жобасы аясында жас мамандарды ауылдық жерлерде тұрақтандыру және оларға әлеуметтік көмек көрсету басты мәселелердің бірі екенін айтты. Яғни 2016 жылы бағдарлама аясында 151 маманға тұрғын үй алу үшін 480,4 млн. теңге қаралса, 449 маманға 118,1 млн. теңге көтерме жәрдемақы беру көзделуде екен.

Сұхбат

PhotoRoom