Бүгін Жамбылда 23 маусым - Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай, салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиында облыс әкімі К.Көкірекбаев барша мемқызметкерлерді төл мерекелерімен құттықтап, бірқатар сала мамандарын арнайы алғыс хатпен марапаттады.
- Халықаралық сарапшылардың жоғары бағасын алған мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі күрделі реформаланудан өтіп жатқанын жақсы білесіздер. Олар Мемлекет Басшысының мемлекеттік қызметшінің азаматтарға тиімді қызмет көрсете алатын кәсіби шеберлігін дамытуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге, мемлекеттік органдарда жоғары корпоративтік мәдениетті қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларына негізделеді. Басқарудың негізгі ресурсы - адам капиталы. Сондықтан мемлекеттік саясаттың басты стратегиялық ресурсы болып табылатын персоналды дамыту мәселесі әрқашанда өзекті болып қала бермек, - деді К.Көкірекбаев.
Салтанатты жиында сонымен қатар, өңір басшсының Грамотасымен облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Н.Нұржігітова, облыс әкімдігінің білім басқармасының қорғаншылық пен қамқоршылық бөлімінің басшысы М.Керімбеков, Д.Жақыпбеков және Алғыс хатымен 6 мемлекеттік қызметкерлер марапатталды.
Айта кетейік, қазіргі таңда, Жамбыл облысында барлығы 456 мемлекеттік орган бар, оның ішінде облыстық деңгейде – 53, аудандық деңгейде – 247, ауылдық деңгейде –156.
Облыстағы мемлекеттік қызметшілердің жалпы штаттық саны 5195 бірлікті құрайды, соның ішінде жергілікті атқарушы органдарда – 2747 бірлік (саяси мемлекеттік қызметші – 6, әкімшілік «А» корпусы – 16, әкімшілік «Б» корпусы – 5173 бірліктер).