Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымовтың төрағалығымен қалалық білім бөлімінің 2017-2020 жылдарға арналған құрылыс салынатын нысандарға талдау жасалынды.
Шаһарға жаңадан қосылған елді мекендер мен мөлтекаудандардағы білім ұяларына деген сұранысты ескерген сала мамандары сараптама жасау арқылы жақын болашақта қала аумағында салынатын мектептердің орнын анықтады.
Мәселен, Қызылжар, Шаңырақ, Ақниет, Тұран, Төлеметов көшесі, Ташкент автожол бағытындағы «Арғымақ» көлік базары бойында білім ұяларына деген тапшылық бар екендігі белгілі болды. «Бозарықта» 900 орын, «Самал-3», «Таскен», әкімшілік іскерлік орталығы, «Тұран» (Шымкент-Сити), «Асар-2» шағынаудандарына 1200 орындық білім ұясы қажет болса, «Елтай», «Жаңа Тұран» шағынаудандары жеке-жеке 600, 900 орындық мектеп ғимаратына мұқтаж болып отыр.
Талдау нәтижесі бойынша қала әкімі шаһардағы мектебі жоқ елді мекендердегі үш ауысымға өту қауіпі бар мектептердің, сонымен қатар ыңғайластырып салынатын ғимараттағы мектептердің және мөлтек аудандардағы орын тапшылығы бар мектептердің құрылыс сапасын қадағалау бойынша сала мамандарына тиісті тапсырма берді.
Осыған орай қалалық жер қатынастары бөліміне жер телімдерін шешу, қалалық құрылыс бөліміне құжаттарды дайындау мәселесі жүктелді.