Бұл туралы облыс әкімі К.Көкірекбаев «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты,-деп хабарлайды Saigez ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Өз сұхбатында ол облысқа келетін туристер «Айша Бибі», «Қарахан», «Тектұрмас» тарихи кешендері мен тарихи-өлкетану музейін көре алатынын айтқан. «Облысымыз «Ұлы Жібек жолының тарихи орталығын жандандыру» атты мемлекеттік бағдарламаға қосылған. Ұлы Жібек жолының бойында бірегей тарихи мұралар бар, оның бесеуі ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұрасына қосылған. Ал «Көне Тараз» атты археологиялық парк пен аспан астындағы музейді ЭКСПО-2017 көрмесінің бағдарламасына енгізу жоспарда бар. Осылайша, облысымызға көбірек турист тартып, аймақтағы туризм мен кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін бергіміз келеді»,- деді аймақ басшысы.
Туристерді тарту үшін өте жақсы инфрақұрылым керек. Бүгінгі таңда бұл бағытта «Әулие-Ата» халықаралық әуежайы толық модернизациядан өткен. Сонымен қатар, магистрлі теміржол желілері дамып, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының облыстағы 495 шақырымдық учаскесі толық аяқталған.
Облыс әкімінің айтуынша, 2017 жылға дейін осы жол бойында халықаралық класта қызмет көрсететін 8 жаңа кешен ашылмақ. «Қазақстанның бірде бір өңірі қасиетті Жамбыл өңірі сияқты тарихи, археологялық ескерткіштерге, бірегей табиғи зоналарға бай емес шығар. Жамбыл аймағында ең көне мешіт пен ең көне медресе табылды. Тарихшы-археологтардың пікірінше, Тараз - Қазақстанның ең көне қаласы. Біз өткен тарихымызды бағалаймыз, болашағымызды жоспарлай отырып, алға басып келеміз. Өңірдің әр жетістігіне әрбір жамбылдықтың қосқан үлесі бар. Біздің мақсатымыз - экономиканы дамыту, ұлтаралық келісімді нығайтып, жамбылдықтардың өмір сүру жасын ұлғайту. Күш біріктірсек, алынбайтын қамал қалмайды»,-деді өз сұхбатында К.Көкірекбаев.