Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов мәлімдеді.
Оның айтуынша, академиялық әріптестікті жетілдіру, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мақсатында университет Германия, Малайзия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Жапония, Ресей, Түркия, Латвия, Қырғызстан, Өзбекстан сынды бірқатар мемлекеттермен әріптестік туралы келісімшарттар жасалып, ортақ білім беру қызметі жүргізілуде. Осындай ортақ мақсат аясында 30-дан астам студент аталған жоғары оқу орындарында өз білімін жетілдіруге мүмкіндік алды. Ал университетте оқытылатын корей тілінің мамандары арнайы шақыртылып, баспанамен қамтылды. Бүгінгі таңда 15 студент корей тілін меңгеріп, келесі оқу жылдарында Оңтүстік Корея мемлекетіне жолдамамен бару мүмкіндігіне ие болады.
Сондай-ақ, университет профессор-оқытушылары Қытай мемлекетінің жоғары оқу орындарында іс-сапарда болып, білім мен ғылымды инновациялау бойынша тәжірибе жинақтауға, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін шет мемлекеттерде жариялауға мүмкіндіктер алған.
Айта кетейік, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті 2014-2015 оқу жылында жоспарлы мемлекеттік аттестаттаудан өтіп, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі жанындағы білім саласындағы бақылау комитетінің бұйрығымен 23 бакалавр және 10 магистратура мамандықтары бойынша білім беру қызметін жүргізіп келеді. Университет профессор-оқытушыларының ғылыми әлеуеті жоғары. Студенттерге 20-ға жуық ғылым докторы, 80-нен астам ғылым кандидаты, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкерлері, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегерлері, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсының жеңімпаздары сапалы білім беруде.
Брифингте белгілі болғандай университет кәсіптік қызметі мен әлеуметтік–экономикалық жетістіктері үшін Францияның Канны қаласындағы Халықаралық Іскер Кеңесі (ХІК) мен Женевада орналасқан «Бизнес және басқару» INSAM институты Қорының шешімімен жоғары деңгейдегі іс - тәжірибелері мен жетістіктері үшін «Европалық грант» номинациясы бойынша арнаулы сыйлықты иеленген.