Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Саурықов Ерболаттың қатысуымен өткен брифингте мәлім болды.
Баспасөз мәслихатында ол жеке бизнестің, үкіметтік емес және қайырымдылық ұйымдарының, жеке адамдардың әлеуметтік жауапкершілігі білім беру саласында айрықша көрінуі керек. Бұл ең бірінші кезекте лайықты білім алуда оқу ақысын өз бетінше төлей алмайтын жастарға көмек беруге қатысты екенін айтты. Мәселен, ТИГУ-де оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі жоқ студенттерге әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Осы оқу жылының өзінде 22 млн. теңгеден астам қаржы қарастырылған.
«Алдағы уақытта да Елбасы жолдауында көрсетілген білім алуда оқу ақысын өз бетінше төлей алмайтын жастарға көмек беру мақсатында жоспарланған бағыттар басшылыққа алынатын болады. Әсіресе, бүкіл ел бойынша ғылыми-зерттеушілік және қолданбалы білім берудің өңірлік мамандықтарды ескеретін мамандандырылған оқу орындары жүйесін құру»-, деді спикер.
Сонымен қатар, студенттердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында тәжірибе базаларымен екі жақты келісімшарттар жасалған. Атап айтатын болсақ, Қазақстан Республикасы энергетика министрлігінің Ядролық физика институты, Жамбыл облыстық ғылыми-зерттеу ветеринария стансасы, басқа да облыстық, республикалық іргелі кәсіпорындар.
Бұған қоса, университеттің профессор-оқытушылары заманауи талаптарға сәйкес өз біліктіліктерін жетілдіруде. Оқу жылында «Білім» мамандықтарының оқу жоспарына 4 кредитпен оқытылатын «Мұғалімнің кәсіптік бағдары» атты оқу курсы енгізілді. Осыған сәйкес, көптеген оқытушылар «Өрлеу» біліктілікті жоғарылатудың Ұлттық орталығында арнайы курстардан өтті.
Ең бастысы, университетте талантты қолдап, шығармашыл жастарға серпін беру, олардың өзін-өзі оқыту мен дамытуына көп көңіл бөлінген. Университет студенттері түрлі халықаралық, республикалық ғылыми конференциялар мен олимпиадаларға қатысады. Университет студенттері қатарында спорттың әрбір түрі бойынша ҚР чемпиондары, Халықаралық турнирлердің жеңімпаздары, Қазақстан біріншілігінің жүлдегерлері, олардың қатарында танымал боксшылар Олжас Сәттібаев пен Асланбек Шынбергенов, каратэші Гузалия Гафуровалар бар. Спорт, өнер жарыстарының жүлдегерлері, белсенділігі жоғары, басқа әлеуметтік санаттағы студенттердің барлығы дерлік арнайы жеңілдіктермен қамтылған.