Су ресурстарын басқаруды Израильден үйренеміз

Аймақ
10.07.2014, 12:27

Орталық Азия мемлекеттерінің арасында келешекте кикілжің болса, су ресурстарына қатысты болатыны жайлы сарапшылар тарапынан талай айтылды да, жазылды да. Бұл салаға осы бастан мән беру керектігі айтылып жүр. Осыған орай бүгін Ақтауда Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров пен Израильдің «Мекорот» Ұлттық су компаниясының бас директоры Шимон Бен-Хамо екі ел арасындағы Қазақстанның су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

Бұл құжатта тараптардың Қазақстанда заманауи үздік су жобаларын әзірлеуге, іске асыруға және басқаруға мүдделілігі расталады. «Мекорот» компаниясы консультациялық, ұйымдастырушылық және технологиялық қолдау көрсетеді.

Тараптар қазақстандықтарды су шаруашылығы саласындағы мамандықтарға және жаңашыл технологиялар мен тәсілдемелерге (ноу-хау) үйрету орталығын құруға ниетті. Израильдік компания қазақстандық ұлттық су компаниясын құру барысында өзінің білімі мен тәжірибесін негізге алып, сондай-ақ, еліміздің нарықтық қажеттіліктерін ескере отырып, консультациялық қолдау көрсетпек.

Ынтымақтастық аясында бірлескен жұмыстар мен жобаларды талқылап, қарастыратын бір немесе бірнеше тұрақты топ құрылады, қажетті ақпарат пен идеялармен бөлісу жүргізіліп, техникалық курстар, семинарлар, конференциялар, бағдарламалар мен жарияланымдар ұйымдастырылмақ.

Сонымен қатар тараптардың аталған мәселелердің артықшылықтарын пайдалану, тиімді және рентабельді жұмысты ілгерілету үшін технологияларды әзірлеуде, тестілеуде және маркетингін жүргізу мен коммерциализациялауда ынтымақтастық құруға қызығушылық білдірді.

Сұхбат

PhotoRoom