Жамбыл облысына жұмыс сапарымен Парламент Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет бойынша комитетінің мүшесі Шакир Хахазов келді,-деп хабарлайды ZhambylNews.kz. Депутат іссапарын Тараз қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралаудан бастады.
- Бүгінде біздің мақсатымыз әрбір қазақстандықтың өмірімен танысу болып табылады. Олар қайда жұмыс істесе де, құрылыста немесе ауыл шаруашылығы саласында, мұғалім немесе тәрбиеші болсын, олардың мәселелерінен хабардар болып, тілектерін ескеруіміз керек,-деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
Жұмыс сапары "Салтанат" ықшамауданында тұрғызылып жатқан балалар бақшасынан басталды. Құны 528 млн. теңгені құрайтын жоба құрылысын "Тараз Құрылыс Инвест" ЖШС жүргізуде. Балабақша "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында салынуда.
Ары қарай депутат Сейфуллин көшесі бойында ауыстырылып жатқан М-8 жылу құбырлар жүйесінің жұмысымен танысты. Аумақтың ұзындығы -2, 72 шақырым. Жоба құны - 1 млрд. 228 млн. теңге. "Сапар Консалтинг" ЖШС айналысып жатқан аумақта жұмыс ағымдағы жылдың 15 қазанында аяқталады деп күтілуде. - Іссапар барысында біз "Нұрлы жол" бағдарламасы аясындағы барлық нысандарды аралап шығуымыз қажет. Мемлекет балалар бақшасы, мектеп, жылу жүйелері құрылысына ауқымды қаражат бөліп отыр. Аталған бағдарлама Қазақстанның деңгейін көтеруге септігін тигізеді,-деді Ш. Хахазов.
Парламент Мәжілісінің депутаты Ш. Хахазовтың жұмыс сапары қаланың бірқатар мектептері, сондай-ақ, Т. Рысқұлов, Меркі және Қордай аудандарында жалғасады.