Оңтүстік Қазақстан облысынан 900 отбасы солтүстік өңірлеріне көшуге ниет білдірді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімовтің қатысуымен өткен жиында мәлім етті.
Мәжілісте «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде еңбек ұтқырлығын арттыру жайы мен жұмыс күші мол өңірлерден еңбек ресурстарын солтүстік өңірлеріне көшіру мәселелері кеңінен талқыланды.
Өз кезегінде Ұ.Сәдібеков атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, Оңтүстік Қазақстан облысынан солтүстік өңірлерге қоныс аударуға 900-ге жуық отбасы ниет білдіргенін және жыл басынан бері 70-тен астам отбасы қоныс аударғанын жеткізді. Сонымен қатар, аталған жұмыстарды реттеуге бағытталған заңнамаларға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар айтылып, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі тарапынан қолдау тауып, тиісті құзырлы органдарға нормативтік-құқық тық актілерді өгерістер енгізу арқылы сәйкестендіру тапсырылды.Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.
Еске сала кетейік, таяуда ғана Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданынан 50-ге жуық отбасы Солтүстік Қазақстанға қоныс аударған болатын. Қоныс аударушы үйдің отағасына мемлекет тарапынан 105 мың, ал отбасының өзге мүшелеріне 75 мың қаржылай бір реттік көмек көрсетіледі. Баспанамен, жұмыспен қамтылады.
Сарыағаш – Оңтүстіктегі демографиялық өсім жоғары аудандардың бірі. Мысалы, ауданда бір жылдың ішінде 10 мыңға жуық сәби дүние есігін ашса, 10 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Халқы тығыз орналасқан өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрап отыр.