Облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр бастаған жұмысшы топ Түркістан қаласында болды.
Құрамында облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм, сәулет және қала құрылысы басқармаларының басшылары мен мамандары бар жұмысшы топтың мақсаты – Түркістан қаласында туризм саласын дамытуға бағытталған «Көне Түркістан» атты концепциясын іске асыру жолындағы нақты қадамдарды айқындау.
Үш сатыдан тұратын кешенді жобаның барлық кезеңдері бойынша атқарылатын жұмыстардың және келешектегі жаңа нысандардың орналасу ретін аралап көрген облыс әкімінің орынбасары тиісті сала басшыларымен арнайы мәжіліс өткізді.
Жиын барысында алдымен Түркістан қаласының бас жоспарына қатысты туындайтын мәселелерге зер салған мәжіліс төрағасы Е.Садыр жобаны іске асыру барысында қаланың бас жоспарына енгізілуі тиіс мәселелердің кеңінен талдануын ескертті.
Мамандардың айтуынша, Түркістан қаласын дамыту әзірге екі бағытта қарастырылуда. Оның алғашқысы қаланың көне келбеті үлгісінде жасалатын туризмді жетілдіру жұмыстары болса, екінші заман талабына сай тұрғын үй кешені мен іскерлік орталық қалыптастыру. Осы қос бағытты кезең-кезеңімен іске асыру шаралары «Көне Түркістан» атты концепциясында қамтылу жоспарлануда. Егер бұл кешенді жоба Үкімет деңгейінде қолдау тапса, көп ұзамай көне шаһарда құрылыс алаңдарының ауқымы ұлғайып, жұмыс қарқыны арта түспек.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары мамандарға әрбір істі мұқият талдап, шикіліктерге жол бермеу қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ, жиналғандар жобаны жасауға үлес қосып отырған сәулетшілер мен ғалымдардың пікіріне де құлақ асып, жобаның тарихи-мәдени дәйектерге негізделіп жасалатындығын да атап өтті.